Ақтөбеде өңірдің үздік тауар өндірушілері анықталды

11 шілде күні Ақтөбеде «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары жарияланды. Байқауға облыстағы қырыққа жуық жетекші кәіпорындар қатысты.

- Мемлекет басышысы Нұрсұлтан Назарбаев қойған басты міндеттердің бірі – әлемнің дамыған отыз елінің қатарына тезірек кіру. Ал, бұл экономиканың өндірістік секторы дамымай мүмкін емес. Президенттің тапсырмаларына сәйкес «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік және республикалық көрме-байқауы елімізде 13-ші рет өтіп жатыр. Бұл қолда бар әлеуетті көрсетіп қана қоймай, кәсіпорын шығаратын өнім сапасын үнемі арттырып отыруға, халықаралық стандарттарды енгізуге жетелейтін тамаша дәстүр,- деген сенімде облыс әкімі.

Ол мұндай жарыстарға қатысу тауар өндірушілердің іскерлік игі серіктестігін одан әрі дамытуға кең жол ашатынын атап өтті. Осы мақсатта Ақтөбе облысында ШОБ субъектілеріне, яғни сатып алу процедурасының әлеуетті қатысушылары үшін ірі кәсіпорындардың ашық есік күндері өткізілуде. Осыған ұқсас шаралар «Қазхром» ТҰК» АҚ, «СНПС - Ақтөбемұнайгаз» ЖШС, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС мекемелерінде өткен.

- Біздің басты мақсатымыз – кәсіпкерлікті дамыту үшін барынша кедергісіз орта жасау. Бүгінде біздің өндірістегі көрсеткіштеріміз жаман емес. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өндіріс көлемі ақшаға шаққанда 1,6 триллион теңгеге жетті. Биылғы бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша 870 миллиардтеңгеге өнім өндірілген, бұл былтырғы жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 5 %-ға көбірек,- деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Сарапшы комиссия байқау жеңімпаздарын үш аталым бойынша жариялады. «Өндірістік бағыттағы үздік тауарлар» аталымында «Ақтөбе өртке қарсы жабдықтар зауыты» бірінші орынды иеленді. «Ақтөбе өртке қарсы жабдықтар зауыты» - өрт сөндірудің бастапқы құралдарын сапалы әрі заманауи етіп шығаратын мамандандырылған желі. Зауыт өнімі мемлекеттік стандарттардың барлық талаптарына сай келеді, ҚР ТЖМ Ғылыми зерттеу институтының аккредитациясынан өткен. Аталмыш аталымның екінші және үшінші орындары «ПО Глобал-Спецодежда» ЖШС мен «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС-не бұйырды.

«Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымының көшбасындағы үштігіне бөлмеаралық есіктер шығаратын «West Line doors» ЖШС, тұрмыстық қағаз өнімін өндіретін «Қаз Қағаз» ЖШС мен «Ақсу» жиһаз фабрикасы енді. «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында бірінші орын таңқурай өсірумен айналысатын «Болат ЛТД» ЖШС-не берілді, екінші және үшінші орындарға ұнның барлық сұрпын, макарон өнімдерін, жарма, нан-тоқаш және кондитер өнімдерін, тауық жұмыртқасын өндіретін «Ақтөбе ет кластері» ЖШС мен «Рамазан» ЖШС жайғасты.

Айта кетейік, өңірлік кезеңнің жеңімпаздары «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауында Ақтөбе облысын таныстырмақ.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі