Ақтөбеде 28-ші дүниежүзілік қысқы универсиаданың алауы тұтанды

You are here

Ақтөбеде 28-ші дүниежүзілік қысқы универсиаданың Алматы қаласында ашылуына орай Алау эстафетасы өтті

2017 жылы Тәуелсіз Қазақстан алғаш рет студенттер арасында Дүниежүзілік қысқы ойындар өткізеді. Халықаралық спорттық жарыстар Студенттер спортының халықаралық федерациясының қамқорлығымен өтетін болады. Универсиадаға әлемнің 57 елінен жиналған 17 мен 28 жас арасындағы студенттер, аспиранттар мен түлектерден құралған 2000 адам қатыспақ.

Алау эстафетасы бүгін Ақтөбе қаласында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің маңында бастау алды.

* Тәуелсіздіктің арқасында Қазақстанда біздің спорттық тарихымызда тұңғыш рет өткізілгелі отырған 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың алауы жағылып, Олимпиадалық қозғалыстың жарқын символы ретінде миллиондаған адамдардың жүрегінде орын алар сәулесін қала жұртшылығына паш еткелі отырмыз. 25 қаңтар күні Елордамыз Астана қаласында бастау алған алау Эстафетасының салтанатты ашылу рәсімінде Елбасы Нұрсултан Әбішұлы Назарбаев мұндай ауқымдағы дүбірлі доданы қабылдау кез келген мемлекеттің қолынан келмес шара екенін атап өтіп, жарыстарды абыройлы өткізіп, жоғары нәтиже беретінімізге сенім білдірді. Бұл – біздің мерейімізді көтеріп, мәртебемізді биктететін елеулі оқиға. Біз осы тарихи сәттердің куәгері болғанымыз үшін бақыттымыз -деген облыс әкімі салтанатты шарада конькишілер құрамында өнер көрсететін Мария Сизоваға сәттілік пен жеңіс тіледі.

Өңір басшысы Алау эстафетасына басталуын рұқсат берген соң, Алаудың бас қорғаушысы, гір спортының еңбегі сіңген шебері, әлемнің 12 дүркін чемпионы Евгений Гончаров алауды тұтандырып, Бердібек Сапарбаевқа ұсынды. Облыс әкімі алауды АӨМУ студенті, таэквондо спортының шебері, 2016 жылдың әлем чемпионы Назгүл Баймұхамбетоваға табыстады.

Алауды спортта айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген өңірдегі жоғары және орта-арнаулы оқу орындары өкілдерінің 60 алау ұстаушысы қаланың көшелерімен алып өтті.

Сайыстарда Ақтөбе облысының атынан конькиші, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР бірнеше дүркін чемпионы, 2012 жылғы Универсиаданың қола жүлдегері Мария Сизова шығады. Ол 500, 1000, 1500 шақырым аралықты жүгіріп өтпек.

Алау Тұңғыш президент атындағы саябақта капсулаға салынып, Алматыға жөнелтілді.

Облыс әкіімнің баспасөз қызметі

Жаңалықтар таспасы