Ақтөбелік ардагерлер Жеңіс күніне орай бірдей материалдық көмек алады

Ұлы Отан соғысының Ақтөбе облысында тұратын барлық 63 қатысушысы мен мүгедегі Жеңіс күніне орай 300 мың теңге көлемінде бірдей материалдық көмек алады. Тиісті тапсырманы 26 сәуір, бейсенбі күні өңір басшысы Бердібек Сапарбаев берді.

Бұдан бұрын Ұлы Отан соғысының Ақтөбе қаласында тұратын 55 қатысушысы мен мүгедегіне 300 мың теңгеден (бір жолғы төлем 120 мың теңгені, ал сауықтыруға 180 теңгені құрайды) төленетіндігі, ал Ұлы Отан соғысының Алға, Мәртөк, Мұғалжар және Хромтау аудандарында тұратын сегіз қатысушысы мен мүгедегіне 100 мыңнан 200 мың теңгеге дейін төленетіндігі хабарланған болатын. Облыс әкімі мұндай шешімді сынға алды.

- Бір ардагерге 300 мың, басқасына 100 мың бөлуді қандай қағида бойынша шештіңіздер? Бәрі де 300 мың теңгеден алулары тиіс. Сонымен қатар, барлық ардагерге көңіл бөліп, қамқорлық жасау керек және азық-түлік салынған себеттер мен сыйлықтар алулары қажет,-деді Бердібек Сапарбаев. Осы жылғы 24 сәуірдегі мәліметтер бойынша Ақтөбе облысында Ұлы Отан соғысының 63 қатысушысы мен мүгедегі және соларға теңестірілген 7574 тұлға, соның ішінде 6258 тыл еңбеккерлері бар. Ұлы Отан соғысының 73 жылдық Жеңісіне орай жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жағынан Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестiрiлген адамдарға 50 мыңнан 60 мың теңгеге дейінгі мөлшерде, әскери қызметкерлердің жесірлеріне 25 мыңнан 35 мың теңгеге дейін, тыл еңбеккерлеріне 12 мыңнан 15 мың теңгеге дейін төленеді.

                                                                           Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі