Ақтөбелік ардагерлер Жеңіс күніне орай 180,6 млн теңге көлемінде материалдық көмек алады

Ақтөбелік ардагерлер Жеңіс күніне орай 180,6 млн теңге көлемінде бір жолғы материалдық көмек алады. Атап айтқанда, Ақтөбе қаласында тұратын Ұлы Отан соғысының 55 қатысушысы мен мүгедегіне 300 мың теңгеден (бір жолғы төлем 120 мың теңгені құрайды және сауықтыруға 180 мың теңге), Ұлы Отан соғысының Алға, Мәртөк, Мұғалжар және Хромтау аудандарында тұратын сегіз қатысушысы мен мүгедегіне 100 мыңнан 200 мың теңгеге дейін қаражат беріледі.  

Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер бойынша 50 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін, әскери қызметкерлердің жесірлеріне және тыл еңбеккерлері 12 мыңнан 15 мың теңгеге дейін алады.

Осы жылғы 24 сәуірдегі мәліметке сәйкес Ақтөбе облысында Ұлы Отан соғысының 63 қатысушысы мен мүгедегі және соларға теңестірілген 7574 тұлға, соның ішінде 6258 тыл еңбеккерлері тұрады.

Барлық ардагерлер өздеріне тиісті жеңілдіктермен қамтамасыз етілген. Ақтөбе облысының  6300 ардагеріне жеңілдікпен дәрі-дәрмектер, ал 4 мыңына коммуналдық қызметтер төлеміне жеңілдіктер берілген. Жыл сайын 1 мамырдан 31  мамырға дейін Қазақстан Республикасының жолаушылар және қала маңы пойыздарында және ТМД елдері аумағында ҰОС қатысушылары мен мүгедектері үшін тегін пойыз бар.

Ұлы Отан соғысының 73 жылдық  Жеңісіне орай Ақтөбе облысының барлық аудандары мен Ақтөбе қаласында салтанатты шаралар өтеді.

Солардың аясында 1342 ардагерге 4,9 млн. теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетіледі.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі