Ақтөбелік дәрігерлер Жамбыл облысында күрделі операциялар жасады

Жамбыл облысында 23-24 маусым күндері Ақтөбе облысының күндері өтуде. Аталмыш оқиға өңірлер үшін түрлі әлеуметтік-экономикалық салаларда тәжірибе алмасуда кезекті мүмкіндік болды. Атап айтқанда, кәсіпкерлік, мәдениет және спорт, білім және денсаулық сақтау салаларында өзара ынтымақтастықты жолға қою бойынша бірқатар шаралар өткізілді.

Бұл ретте Ақтөбе және Жамбыл облыстарының медицина қызметкерлерінің серіктестік тәжірибеде, соның ішінде мамандарды даярлау, білім алушыларға шеберлік сабақтарын өткізуде мол екенін атап өткен жөн. 2015 жылы екі өңірдің облыстық балалар ауруханалары арасында медициналық қызмет көрсетуді жақсарту, емханалардың кадрлық әлеуетті арттыру, емдеудің жаңа технологиялары мен әдістерін енгізу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Ақтөбе облысының күндері аясында Ақтөбенің жоғары білікті дәрігерлері Таразда бірқатар қиын бірлескен операциялар жасап, нәтижесінде ауыр патолоиясы бар, соның ішінде туғаннан даму ақауы бар балаларды сауықтырып, әріптестер өзара жаңа инновациялық технологиялар бойынша тәжірибе алмасты.

Мәселен, Жамбыл облыстық балалар ауруханасының жанынан профессор Владимир Котлобовскийдің қатысуымен балалар эндохирургиясы бойынша шеберлік сабағы өтті. Оқыту барысында ол тегін кеңес беріп, туғаннан асқазан-ішек жолының дамуында ақауы бар балаларға бірқатар операциялар жасады.

Өзара серіктестікті әрі қарай дамыту мақсатында Ақтөбе және Жамбыл облыстарының денсаулық сақтау басқармалары тұрғындардың, бала мен ананың денсаулығын қорғау, кардиохирургия, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, сонымен қатар, жедел кеңес беру және тәжірибелі медициналық көмекті ұйымдастыру және көрсету мәселелерінде тұрақты негізде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюды жоспарлауда. Айта кетейік, Ақтөбе облысы жоғары технологиялық медициналық қызметтерді көрсету бойынша Батыс Қазақстан өңірінің орталығы болу идеясын жүзеге асыруда. Осы мақсатта денсаулық сақтау секторын жаңарту бойынша шаралар қабылданып, медициналық кластер құрылды.

- Бүгінде кластерге кірген ірі емдеу-алдын алу мекемелерінде республика бойынша баламасы жоқ бірегей хирургиялық операциялар орындалуда. Трансплантология дамуда, өңірдің бауыр мен бүйрек ауыстырудағы тәжірибесі жақсы. Біз өзіміздің кәсіби мүмкіндіктеріміздің барлығын әріптестерімізбен бөлісуге, сонымен қатар, оң тәжірибелерді қабылдауға дайынбыз деді,- Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Ол сонымен қатар, өңірде денсаулық сақтауды жаңарту мен материалдық-техникалық қорды жақсартуға бағытталған нақты шаралардың жүзеге асырылып жатқандығын атап өтті. Мысалға, 2020 жылы кластерге кіретін перинаталдық орталықты пайдалануға беру жоспарлануда. Ультразаманауи мекеме жүкті әйелдерге толыққанды күтімді, диагностика мен емделуді қамтамасыз ете отыра дамуында туа біткен ақауы бар ұрықты босануға мүмкіндік береді. Осы жылы сондай-ақ, жаңа облыстық туберкулезге қарсы диспансердің құрылысы басталып, медициналық қызмет көрсетудің IV дәрежелі санитарлық авиацияның облысаралық орталығын құру туралы шешім қабылданды. Бұдан өзге, МЖС аясында денсаулық сақтау саласында 27 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі