Ақтөбелік кәсіпкерлер әлеуметтік мәселелерді шешуде шетелдік әріптестерімен серіктес болады

Бүгін Ақтөбеде басталған әлеуметік кәсіпкерліктің «Әлеуметтік мәселелерді шешуде мемлекет, бизнес және ҮЕҰ серіктестігі» атты халықаралық форум өз жұмысын жалғастыруда.

Форум қоғамның неғұрлым өзекті әлеуметтік, экологиялық және мәдени мәселелерін шешуге, әлеуметтік кәсіпкерлікке деген қызығушылықты арттыруға, әсіресе жастар арасындағы, тәжірибе алмасуға, өзара тиімді серіктестікті тереңдетуге және т.б.  бағытталған.

Форум аясында бірнеше бағыттар бойынша серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Атап айтқанда, «Азайа» ЖШС Израильдегі әлеуметтік кәсіпкерліктің ең жарқын өкілдерінің бірі - «Хашемекем» кәсіпорнымен өзара әрекет етуді жоспарлап отыр. Аталмыш компанияның алдыңғы қатарлы тәжірибесі жүздеген ақтөбелік компанияға қызықты. Сондықтан тараптар әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы жобаларды бірлесіп жасап, жүзеге асыруға, жинақталған тәжірибелерімен және Қазақстан үшін жаңа болып табылатын саладағы ақпараттарымен бөлісуге мүдделі.

Қазақстанның Ақтөбе облысы бойынша іскер әйелдер қауымдастығы түріктің «Нар Кадын» кооперативімен арадағы меморандум аясында аудандардағы әйелдердің кәсіпкерлігін дамыту, жергілікті ауылшаруашылық  өнімін коммерциялайтын кооперативтер құру жұмысын күшейтпек, сонымен қатар ауылдағы кәсіпкер әйелдерді қаржылай сауаттылыққа оқыту жұмыстарын жалғастырады.

Бұдан басқа облыстың жүздеген белсенді кәсіпкер әйелдерін біріктіретін қауымдастық Қырғызстанның әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің басшылығымен бірлесіп, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді білім беру бағдарламаларын, әлеуметтік кәсіпкерлер мен халықтың басқа да топтарына арналған жаттығуларды, сонымен қатар, ғылыми және мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыру және өткізу міндеттерін өз мойындарына алды.

Айта кетейік, осындай форум Қазақстанда алғаш рет өткізіліп тұр.

Еске салайық, форум жұмысына Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов, ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы» РҚБ президенті Раушан Сәрсембаева, Израиль, Түркия, Грузия, Польша мен Қырғызстан елдерінің танымал сарапшылары, отандық кәсіпкерлер, барлығы мыңнан аса адам қатысты.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі