Ақтөбелік медицина қызметкерлері төл мерекелерінде пәтер кілттеріне ие болып, сыйақы алды

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев медицина саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Салтанатты жиынға ҚР денсаулық сақтау министрлігінің, шетелдік серіктестердің өкілдері, облыстың медицина жұртшылығы қатысты.

- Елбасы қолдауының арқасында Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі халыққа медициналық қызмет көрсетудің жаңа сапалы деңгейіне шықты. Біздің облыстағы 10 мыңнан аса медицина қызметкері отандық медицинаның дамуына сүбелі үлес қосып, емдеудің прогрессивті әдістерін енгізуге жағдай жасап келеді. Сіздердің тынбай еңбектенулеріңіздің нәтижесінде денсаулықтың негізгі көрсеткіштерін жақсартуға қол жеткізу мүмкін болды: халықтың өмір сүру ұзақтығы 73,5 жасқа дейін, туу өсімі 3,6%-ды құрады, жалпы өлім-жітім 10,9% төмендеген. Өңірлік медкластердің ашылуымен Батыс өңірінің халқына көрсетілетін жоғары технологиялық медицина қызметтерінің көлемі айтарлықтай кеңейді, - деп атап өтті медицина қызметкерлеріне қиын әрі игілікті еңбектері үшін алғыс айтқан облыс әкімі.

Медицина саласының еңбегімен көзге түскен қызметкерлері гранттармен және 500 мың теңге көлемінде сыйақылармен марапатталды. Ең игі кәсіптің алты өкіліне пәтер кілттері табыс етілді. Он аудандық медицина мекемелері жаңа санитарлық машиналар алуға сертификат алды.

Бұдан басқа, медицина қызметкерлері облыс әкімінің мақтау қағаздары мен алғыс хаттарын, ҚР денсаулық сақтау министрлігінің төсбелгілерін иеленді.

Айта кетейік, медицина жұртшылығы өңірде «Бақытты бала» акциясын жүзеге асыруға сүбелі үлес қосып келеді.

Бүгін Алға балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бес баланың әрқайсысының есепшоты 100 мың теңгеге толықты.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі