Ақтөбе және Орынбор облыстары өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтеді

 

РФ Орынбор қаласында еуразиялық интеграция сұрақтары мен əлеуметтік-экономикалық дамуының келешегін талқылаудың тиімді алаңына айналған "Орынбор - Еуразия жүрегі" атты жетінші халықаралық форумы өтті.

Форумға Қазақстан, Белорусь. Тәжікстан, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан және т.б. елдердің делегациялары қатысты.

Ақтөбе облысының делегациясын өңір басшысы Бердібек Сапарбаев бастап барды. Оның құрамында басқарма басшылары мен бизнес қауымдастығы өкілдері болды.

«Орынбор облысының еуразиялық кеңістіктегі халықаралық ынтымақтастық әлеуеті» атты пленарлық сессия аясында Орынбор облысының шағын және орта бизнес өкілдері арасында өткен «Бизнес-класс» байқауының қорытындысы жарияланды.

- Екі жыл бұрын біз жас кəсіпкерлердің 10 миллион рубль сыйақы үшін бизнес идеяларымен бəсекеге түсетін "Бизнес класс" бірегей жобасын бастаған болатынбыз. Өткен жылы ол Ақтөбе облысы əкімінің шешімімен өрісін кеңейтіп, халықаралық жобаға айналды,-деп атап өтті Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг.

Осы жылы конкурсқа қатысу үшін Ақтөбе мен Орынбор облыстарының мыңнан аса жас кəсіпкері тапсырыс берген. 

- Алғаш рет Ресей мен Қазақстанда Орынбор мен Ақтөбе облыстарының бизнес қоғамдастықтарын біріктірген бірлескен жоба туды. Мен мұны дұрыс деп санаймын, өйткені тек бірлескен жұмыстың нəтижесінде ғана нағыз қажетті жəне уақыт талаптарына жауап беретін жобалар туады,-деді Ақтөбе облысының əкімі Бердібек Сапарбаев.

"Бизнес класс" конкурсының басты сыйақысы кəсіпкерлерден құралған екі орыс-қазақ құрамасы арасында ойнатылды. Бас жүлде - 10 млн рубль мен 55 млн теңгені ұтып алған құрамалар «Забор 56 Оренбург» компаниясы мен ақтөбелік "Ваниль" кондитер фабрикасына тиесілі болды.

- Біз - көршілес өңірлерміз, сондықтан əрқашан экономиканың түрлі салаларында тығыз жұмыс істеуіміз керек. Бүгінде бұл міндет жемісті жүргізіліп жатқанын атап өту қажет. Жыл сайын ресейліктердің қатысуымен кəсіпорындар мен заңды тұлғалар  саны артып келеді. Қазіргі таңда Ақтөбе облысында ресейлік капиталдың қатысуымен 534 заңды тұлға мен кəсіпорындар бар,-деп атап өтті Бердібек Сапарбаев өзінің пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде.

Жыл басынан бері Ақтөбе облысының Орынбор облысымен ішкі тауар айналымы үш есе артты.

Ірі бизнес саласында тығыз əрі өзара тиімді қарым-қатынастар жолға қойылып, ШОБ, ауыл шаруашылығы, əлеуметтік саладағы серіктестік дамуда. Ақтөбе мен Орынбор облыстары арасындағы тауарайналымды дамыту үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында жыл сайын Қазақстан мен Ресейдің 150-ге жуық кəсіпорындары қатысатын "Еуропа-Азия. Шексіз ынтымақтастық " атты халықаралық əмбебап көрмесі өткізіледі.

Өңірлердің бірінші басшыларының қол жеткізген келісімшарттары аясында Ақтөбе облысының жүз дарынды баласы 2017 жылдағы жазғы демалыстарын Орынбор облысының "Күншуақ елі" балалар лагерінде өткізді. Сондай ақ, Орынбор облысының елу дарынды баласы Астана қаласындағы "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесін көруге мүмкіндік алды.

Сонымен бірге, ынтымақтастықты әрі қарай дамыту әлеуеті әлде де зор және оны жүзеге асыру үшін өңірлер арасындағы көліктік-логистикалық байланыстарды жетілдірудің маңызы үлкен.

-Бизнесті жүргізу үшін жол жақсы болуы қажет. Бүгінгі күні екі облыстың кәсіпкерлері «Ақтөбе-Орск» жолының жай-күйіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Осы жолдың алғашқы 40 километрі біздің тарапымыздан жөнделді, 2019 жылға қарай Қазақстан жағының барлық жол бойы бойынша жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Біз Президентіміздің тапсырмасына сай көлік қатынасын дамыту үшін қажетті инфрақұрылымды құрудамыз», - деді Бердібек Сапарбаев пленарлық мәжіліс қатысушыларына.

Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі