"Ақтөбе" мен "Ертіс" тең ойнады

You are here

Премьер лиганың алтыншы турында "Ақтөбе" футболшылары павлодарлық "Ертіске" қарсы ойнады. Негізінен жергілікті сайыпқыран жігіттерден құралған команда турнир кестесіндегі көшбасшыға есе жіберген жоқ. Есеп - 1:1. Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда өткен ойынды жанкүйерлермен бірге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та тамашалады.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың футбол жанкүйері екені көпшілікке мәлім. Ел футболының тарихында айшықты орны бар "Ақтөбе" футбол клубы Сапарбаевтың келуімен жаңаша бағыт ұстанды. Легионер-ойыншылармен келісім шарт үзілді, басымдық жергілікті жастарға берілді. Еліміздегі айрықша алаң - Қобыланды батыр атындағы орталық стадионның да тағдыры Ақтөбе футболымен тығыз байланысты. 

Облыс әкімі жергілікті команданың Ақтөбедегі алғашқы ойынының алдында орталық стадионның инфрақұрылымымен толық танысты. Жасыл алаңға шығып облыстық дене шынықтыру және спорт, футбол клубы мен стадион басшыларының есебін тыңдады. Облыс басшысы орталық стадионда қосымша қаржы түсіретін жарнама тақтайшаларының аздығын, алғашқы ойынға сай безендірулердің жоқтығын сөз етті. Өйткені, кез келген жаңашылдық жанкүйерлердің көңіл күйіне әсер етеді.

Облыс басшысы стадионның құрылымындағы жеке кәсіпкерлер иелік ететін нысандарға да кірді. Стадионның бір қанатында қонақ үй мен құмар ойындар өткізетін жеке кеңсе ашылған. Ал, келесі қапталында спорттың зияткерлік түрлері бойынша мектеп жұмыс істейді. Облыс әкімі балалар мен жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан өтіп жатқан ел біріншілігіне куә болып, ұлттық ойынның деңгейі туралы сұрап білді. Ал  футболға кірер алдында Бердібек Сапарбаев 25 мың теңгеге бір жылдық абономент сатып алды. Бұл - көпшілікке үлгі боулы тиіс. Егер, облыс әкімінің ізімен өзге басшылар да жылдық билет алса, стадионға үлкен демеу болатыны анық.

Облыс әкімін футбол жанкүйерлері ерекше қошеметпен қарсы алды. Төрешінің ысқырығы естілісімен, "Ертістің" ойыншылары алаңдағы басымдықты иеленуге ұмтылды. Ақтөбеліктер де үздік-үздік шабуылдап, жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Алғашқы гол он бір метрлік межеден соғылды. Оған себеп Ақтөбе қорғаушысының қолына тиген доп. 

Өрнекті ойын, табиғи көгал кездесудің шырайын шығарды. Алайда, екінші гол кезедсудің соңына таяу соғылды. Бұл жолы да павлодардарлық ойыншылардың бірінің қолына тиген допқа байланысты төреші он бір метрлік межені көрсетті. Соңғы бес турда қақпасын қапысыз қорғаған Давид Лория Смақовтың тепкен добын ұстай алмады. 

Нәтиже ақтөбеліктердің көңілінен шықты. Есеп 1:1. Матч соңындағы баспасөз мәслихатында қос бапкер ойынға байланысты өз ойларын айтты.

ДИМИТАР ДИМИТРОВ, "ЕРТІС" КОМАНДАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ

Бүгінгі ойын менің көңілімнен шықпады, ойыншыларға да ұнамағаны анық. Біз кездесуді жақсы бастап, алғашқы 25-30 минутта допты уысымыздан шығармай, гол салдық. Жеңіс оңай келетіндігіне сендік. Бірақ, кейін кездесудегі басымдықты "Ақтөбе" иеленді. Олар ерлікке пара пар қимыл көрсетті. Бізге дәл осындай мінез жетіспед.

ЮРИЙ ӨТКЕЛБАЕВ, "АҚТӨБЕ" КОМАНДАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ

Алдымен, біздерді барын салып қолдаған жанкүйерлерге ризашылығымды білдіргім келеді. Олардың қолдауын сезінген ойыншылар есепті теңестіріп, салмақты нәтижеге қол жеткізді. Мен кездесу қорытындысына ризамын.

Тең аяқталған кездесу қорытындысы бойынша "Ертіс" командасы туринир кестесіндегі бірінші орынды Астанаға босатты. Ал, ақтөбеліктер алғашқы алтылықтағы орнын сақтап қалды.

 

 

Жаңалықтар таспасы