Ақтөбе мен Нөкістің арасы жақындай түсті

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған Ақтөбе облысының делегациясы Өзбекстандағы Қарақалпақстан Республикасының астанасы Нөкіс қаласына барды. Мақсат — өзбек еліндегі қандастарымыздың басым көпшілігі тұратын шаһардың әлеуетімен танысып, бұрыннан бар тарихи байланысты одан әрі дамыту, сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту. Бұндай сапар еліміз Тәуелсіздік алғалы Қарақалпақ еліне алғаш рет жасалып отыр.

Достықтың тіні Биылғы жыл елімізде «Өзбекстанның Қазақстандағы жылы» болып жарияланды. Бұл бауырлас елдердің қарым-қатынасын арттырып, достығын бекіте түсті. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің кездесуінен кейін, көршілес мемлекеттердің арасындағы байланысқа жаңа бір жол ашылды. Былтыр екі елдің үкіметі арасында өңіраралық ынтымақтастық туралы келісім жасалып, 2017-2019 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастық стратегиясына қол қойылды. Осылайша екі елдің қарым-қатынасы жаңа бір деңгейге көтерілді. Облыс әкімі бастаған сапардың негізгі мақсаты — Елбасы бастаған игі шараны әрі қарай жалғастырып, мәдени, экономикалық ынтымақтастықты дамыта түсу.

Қазіргі күні Қазақстаннан жырақта өмір сүріп жатқан 5 миллион қазақ болса, оның 1 миллионнан астамы Өзбекстанда тұрып жатыр. Ал қарақалпақ елінде тұратын 1 миллион 800 мың адамның 26 пайызы — қазақтар. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Нөкіске сапары қарақалпақтың ұлы ақыны Бердақтың ескерткішіне гүл қоюдан басталды.

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев пен Қарақалпақстан Республикасы Министрлер Кеңесінің төрағасы Қахраман Сариев, Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Бұдан кейін облыс әкімін Қарақалпақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Мұса Ерниязов қабылдады. Өңірлер арасындағы сауда, мәдени және экономикалық байланысты одан әрі дамыту мақсатындағы жұмыстар жөнінде әңгімелесті. Бір- біріне шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Қарақалпақстан Республикасы Министрлер Кеңесінің төрағасы Қахраман Сариев 2018-2020 жылдарға арналған өзара ынтымақтастық және сауда-экономика саласы бойынша әріптестік меморандумына қол қойды. Олар достық қарым-қатынас әрі қарай жалғаса беретінін, бұл екі тарап үшін де тиімді екенін айтты. Іскерлік қарым-қатынастар Ақтөбе облысы мен Қарақалпақстан Республикасы арасындағы іскерлік қарым- қатынас әр бағыт бойынша дамиды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы, білім, мәдениет, денсаулық сақтау салаларына ерекше мән беріледі. Бұл туралы екі өңір кәсіпкерлерінің қатысуымен өткен бизнес-форумда кеңінен айтылды. Жиында Қахраман Сариев Өзбекстан мен Қазақстан республикалары арасындағы экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар бағытындағы жұмыстарды баяндады.

— Екі елдің арасындағы достық қарым-қатынастың тарихы тереңде жатыр. Соңғы жылдары осы байланысқа жаңаша серпін берілді. Биылғы жылдың Қазақстанда «Өзбекстан жылы» деп аталуының өзі бауырлас елдердің татулығын арттыра түседі, — деді Министрлер Кеңесінің төрағасы. Қарақалпақстаннан Қазақстанға ауыл шаруашылығы, тоқыма өнеркәсібі және тағы да басқа салалар бойынша тауар экспортталады. Өз кезегінде біздің елден де жеткізілетін тауардың түрі көп. Дегенмен, бұл көрсеткіш аз. Қахраман Сариев сауда-саттықты әрі қарай жандандыру қажет екенін айтты. Қарақалпақстан халқының жиырма алты пайызын қазақтар құрайды. Қазақтарға салт-дәстүрі мен тілін ұмытпау үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, Бердақ атындағы Қарақалпақстан мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы жұмыс істесе, Әжнияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтында да жастар қазақ тілінде еркін білім алады. Қарақалпақстандағы 725 мектептің 171-і қазақ тілінде оқытады. Осы және өзге де атқарылып жатқан шаруаларды баяндаған Қахраман Сариев бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасатынын айтты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Өзбекстандағы қандас бауырларымызға жасалып жатқан игі істер үшін Қарақалпақстан Республикасы басшыларына алғысын білдірді.

— Қазақстанның Ақтөбе мен Қызылорда облысы Қарақалпақстан Республикасымен шекаралас жатыр. Халқымыз баяғыдан аралас-құралас өмір сүріп келеді. Бір-бірінің тарихын жақсы біледі. Біздің мақсатымыз — ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді сақтай отырып, солардың салып берген жолын, қарым-қатынасын әрі қарай жалғастыру. Кейінгі кезде Өзбекстан республикасындағы оң өзгерістер екі елдің достығын жандандыра түсті. Әсіресе, соңғы іссапарында Шавкат Мирзиеевтің Нұрсұлтан Назарбаевты аға тұтып сөйлегені екі елдің ынтымақтастығын, татулығын одан әрі нығайта түскендей болды. Ал біз екі ел басшыларының осы қарым-қатынасын әрі қарай дамытуымыз керек. Біздің бір-бірімізден үйренеріміз көп, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ облыс басшысы Бозой мен Нөкістің арасындағы жолды салу басталғанын, егер Қарақалпақстан жағы жолдың өз өңіріне кіретін бөлігін жөндесе, ежелден қалыптасқан сауда-саттық дами түсетіндігін, ең бастысы, сол тұстағы өткізу пунктін қайта ашу керектігін тілге тиек етті.

— Жол салынса, Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Қарақалпақстан кәсіпкерлерінің еркін араласуына мүмкіндік туады. Ең кем дегенде, жеті жүз шақырым жол қысқарады. Осыдан кейін біздің өңір арқылы Ресейге, әрмен қарай Еуропаға шығуға болады, — деді облыс әкімі.

Қазіргі күні облысқа сырттан келетін көкөністің бір бөлігі Қарақалпақстаннан тасымалданады. Жиында осы бағыттағы сауда-саттықты жандандыру үшін Ақтөбедегі «Базарларды басқару» ЖШС-ның директоры Б.Тұрсынхан мен «Өзбекагрожеміс» ЖШС- ның директоры Н.Ахметов меморандумға қол қойды. Құжат бойынша, Н.Ахметов Ақтөбеде жеміс-жидек пен көкөніс сататын сауда орталығын салады. Орталық іске қосылған кезде қарақалпақстандық кәсіпкерлер өнімдерін біздің облыста ешқандай делдалсыз, тікелей өткізе алады. Өз кезегінде ақтөбеліктер сапалы әрі арзан өнімге қол жеткізеді. Жалпы бұндай орталық Қазақстан бойынша қазіргі күні тек Астана қаласында жұмыс істеп жатыр. Ал Қарақалпақстан тарапы Ақтөбеде шығатын ұн, макарон және ет өнімдеріне қызығушылық танытып отыр. Бизнес-форумда екі жақты туризм саласын дамыту бойынша да мәселелер талқыланды. Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы Ақтөбе облысының әлеуеті мен мүмкіндіктері жөнінде толымды баяндама жасады.

Бизнес-форумнан соң Ақтөбе делегациясы Нөкістегі ірі өндіріс орны «Самсунг Нөкіс» зауытына барды. Зауыт жылына 150 мың теледидар, 100 мың шаңсорғыш шығаратын қуатқа ие. 200 адам жұмыс істейтін өндіріс орны 2017 жылы іске қосылған. Зауыт өнімдері Қазақстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдеріне экспортталады. Қандастармен кездесу Сапар барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қарақалпақстандағы қандас ағайындармен кездесті. Кездесу Бердақ атындағы Қарақалпақстан мемлекеттік университетінде өтті. Жиында Бердібек Машбекұлы сапардың мақсатын түсіндірді.

 — Өзінің сан ғасырлық тарихында қазақ халқы түрлі қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерді. Кеңестік дәуір тұсында солақай саясаттың, күштеп ұжымдастыру мен аштықтың, қудалаудың кесірінен қандастарымыздың едәуір бөлігі қоныс аударуға мәжбүр болды. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген кезден бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дүниежүзінің әр түкпірінде тұрып жатқан қандастарымызды атамекеніне шақырды. Осы көшті жүйелеу, қандастарымызды еңбекпен қамтамасыз етіп, ұтымды қоныстандыру мақсатында «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Игілікті істің нәтижесінде 20 жылдан астам уақыт ішінде еліміз миллионнан астам қандасымызбен толықты, — деді облыс әкімі.

1991 жылдан бастап қазіргі кезге дейін Ақтөбе облысына 40 891 адам (8 178 отбасы) көшіп келді. Олардың басым көпшілігі Өзбекстан, Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Моңғолия, Қытай Халық Республикасы мен Иран мемлекетінен қоныс аударды. Оның ішінде Қарақалпақстаннан 6037 отбасы, 30 186 адам Ақтөбе облысында қоныстанды. Қазіргі демографиялық өсіммен олардың саны 42 260–қа жетті. Қарақалпақстаннан қоныс аударған қандастарымыздың арасында қаншама ғылым кандидаттары, техника, медицина, мәдениет пен өнер саласының мамандары бар. Облыс әкімі облысқа келем деген қандастарымызды қолдауға дайын екенін айтты. Жиында Бердібек Сапарбаев руханият, білім саласында да байланыс жолға қойылғанын тілге тиек етті.

Биылғы жылдан бастап Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Қарақалпақстандағы қандастарымыздың балаларын оқуға жеңілдікпен қабылдауға дайын. Олар 1-курста толықтай оқу ақысын төлеуден босатылып, қалған курстарды 50% жеңілдікпен оқиды. Сондай-ақ қарақалпақстандық түлектердің жол шығынын қысқарту үшін құжат қабылдау осы жақта жүреді. Бұдан кейін сөз алған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті Жұмабай Атаниязов оқуға бала қабылдаудың ретін түсіндіре кетті. Кездесуде Бесқала өңіріне белгілі ғалым Қайыржан Аралбаев облыс басшысына алғысын айтты.

— Бесқала өңірінен Қызылорда мен Ақтөбеде туысы жоқ, сол облыстарда біздің елде туысы жоқ қазақтың отбасын табу мүмкін емес. Ақтөбе өңірі мен Қарақалпақстан Республикасы арасындағы байланысты әрі қарай жандандыру үшін келген сапарыңызға біз өте қуаныштымыз, — деген ғалым облыс әкімі бастаған делегацияның сапарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол университет басшылығы тарапынан қарақалпақстандық оқытушылардың білімін жетілдіру үшін Қазақстанға жіберу мәселесі қарастырылса, Ақтөбедегі білікті мамандар осы елге келіп дәріс өткізсе деген ұсыныстар айтты. Облыс басшысы бұл бастаманы қуана құптады. Кездесуде университет басшылығына, Қазақ ұлттық мәдениет орталығына «Ақтөбе — құтты мекен» кітабы, А.Жұбанов туралы кітаптар, «100 жаңа оқулық» аясында шығарылған оқулықтар, танымдық кітаптар сыйға тартылды.

Зиярат

Бұдан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған делегация мүшелері қазақтың даңқты ақыны Төлеген Айбергеновтің бейітінің басына барды. Небары 30 жасында дүниеден озып, артында күллі қазақ оқитын жауһар жырлар қалдырған дарынның асыл сүйегі Сорша қорымында жатыр. Қайтыс болған сәтінде сүйегін Қоңыраттағы әке-шешесінің қасына емес, Нөкіске қоюы да Қазақстанның түкпір-түкпірінен іздеп келетіндер қиналып қалмасын деген ниет. Осы жылдар ішінде ақынның басына зиярат еткендер аз болған жоқ. Бірақ, айта кету керек, Бердібек Сапарбаев Айбергенов бейітіне келіп, оның рухына тағзым еткен бірінші лауазымды тұлға! Зират басында Құран оқылғаннан кейін Бердібек Машбекұлы мен Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев қабір басына гүл шоқтарын қойды.

«Біз Айбергеновті ешқашан ұмытпауымыз керек…» — деді облыс әкімі. «Айтпақшы, бүгін бейсенбі ғой, — деді сосын аят оқыған молдаға бұрылып, — ертең келіп, біздің атымыздан Құран шығаршы…». Содан кейін делегация өкілдері Нөкістегі орталық мешітке бас сұқты. Бір мезгілде екі мың адам қатар тұрып намаз оқи алатын бұл мешіт Өзбекстандағы ең көркем «Құдай үйінің» бірі екен. Бердақ атындағы мемлекеттік драма театры ғимаратында өткен «Ақтөбе — Нөкіс: тарихи тамырластық пен тиімді әріптестік» атты мерекелік концертке жиналғандар қарасы көп болды. «Аққу» би тобының биімен ашылған концертте Қарақалпақстан Республикасы Министрлер Кеңесінің Төрағасы Қахраман Сариев пен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтар екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынастардың орны бөлек екендігіне тоқталды.

Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының «Достық сазы» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен ән шырқаған Светлана Айтбаева, Марат Әйтімов, Феруза Нарман, Гүлназира Сағынғанова, Динара Естілеуова, Жәнібек Бекбосыновтардың өнерлеріне жұртшылық ықыластана қол соқты. Жүргізуші Орал Байсеңгір де әр әнді хабарларда қазақтың болмысын, Ақтөбенің табиғатын танытуға тырысып бақты.

Қарақалпақ өнерпаздары да қарап қалған жоқ. Ұлттық колориті басым дүниелерді орындаған олардың өнерлері қонақтардың көңілінен шықты.

Нөкіске келген адам бас сұқпай кетпейтін ғажап бір мәдени орын бар. Ол — И.В. Савицкий атындағы өнер музейі. 100 мыңнан астам құнды жәдігер сақталған бұндай музей әлемде некен-саяқ. «Орталық Азияның Лувры» атанған бұл мәдени орынға қазір әлем ғалымдары көз тігіп отыр. Облыс әкімі бастаған топ музейдегі жауһарлармен танысып, қызыға тамашалады.

Сондай-ақ облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Өзбекстанның Самарқанд қаласында болды. Мұнда ол елдегі ірі өндіріс кәсіпорындарының бірі — автомобильдер мен арнаулы техникалар шығаратын «СамАвто» компаниясының жұмысымен танысып, пікір алмасты. P.S. Сонымен, екі өңір арасындағы қарым-қатынастың жаңа бір кезеңі басталды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбав қарақалпақстандықтарды Ақтөбеге шақырды. Демек, бауырлас екі елдің ынтымақтастығы одан әрі ұлғая беретіні сөзсіз.

Лайым, солай болғай.

Кәмшат ҚОПАЕВА