Ақтөбе облысында «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы қайтадан өріс алды

Мемлекет басшысының халықтың өзекті мәселелерін шешу, экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет ету бойынша тапсырмаларын орындау аясында Ақтөбе облысында «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы жалғасын тапты.

11 қазан, сәрсенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Мәртөк ауданында болды. Жұмыс сапары кезінде өңір басшысы Тәңірберген, Мәртөк және Родниковский ауылдық округтерінде халықпен үш кездесу өткізді.

Ауыл тұрғындары сауалдарын қойып, жеке өтініштерін айта отыра сол жерде құзіретті тұлғалардан жауаптарын ала алды, өйткені, кездесуге құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың басшылары да қатысқан болатын. Атап айтқанда, олар - облыстық соттың төрағасы Мұратғали Әкетай, облыс прокуроры Марат Қайбжанов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  ұлттық бюросының департаменті басшысы Қайрат Сүйінтаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті басшысының міндетін атқарушы Рустам Неталиев, облыстық ішкі істер департаменті басшысының міндетін атқарушы Арыстанғали Заппарев, мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Айбек Паяев, әділет департаментінің басшысы Берік Беркімбаев.

Б.Сапарбаев осындай кездесулердің негізгі мақсаттарының бірі - халық сенімін арттырып, атқарушы және мемлекеттік биліктің жергілікті органдарымен бірлесе өзара әрекет ету екенін атап өтті.

Өңір басшысы мен мемлекеттік органдар басшыларының  Мәртөк ауданы тұрғындарымен көзбе көз әңгімелесуі кезінде жол құрылысы, жұмыспен қамту, елді мекендерді ауыз сумен, газбен қамтамасыз ету және тағы басқа сұрақтар талқыланды.

Облыс әкімі ауыл тұрғындарының өтініштерін мұқият тыңдап шығып, қойылған сұрақтардың барлығы шешіліп жатқанына және әрі қарай да жоспарлы түрде шешілетініне сендірді.

Өз кезегінде Б.Сапарбаев жергілікті тұрғындарды кәсіпкерлікпен белсендірек айналысуға, ауыл шаруашылығының дәстүрлі және дәстүрлі емес түрлерін меңгеруге, өңірдегі және жалпы елдегі экономиканың дамуына күш салуға шақырды.

- Мәртөк ауданының ауыл шаруашылығындағы өнімділіктің өсу әлеуеті зор. Осы саланы әрі қарай дамыту үшін мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланып, барлық жерлерді түгендеуді аяқтап, суармалы жерлер алаңын  ұлғайту керек. Пайдаланылмаған жер телімдерін тиімді айналымға енгізу, суару, шағын шаруашылықтарды өндірістік кооперативтерге біріктіру жолымен нығайту – азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортын төмендетіп, экспортын арттыруға мүмкіндік береді,-деп атап өтті облыс әкімі.

Мәртөк ауылында облыс әкімі Ұлы Отан соғысының ардагері – Василий Лавренюктің үйіне барды. Мәртөк ауданының тумасы Василий Демьянович жеңісті 1945 жылы Германияда қарсы алыпты, кейін Жапониядағы үш айға созылған соғысқа аттанған. «Жауынгерлік ерлігі үшін» төсбелгісімен, Отан соғысы орденімен марапатталды. Бердібек Сапарбаев 90 жастағы ардагерді Қарттар күнімен құттықтап, оған зор денсаулық пен көтеріңкі рух тіледі.

Сондай-ақ, Мәртөкте аймақ басшысы аудандық соттың жаңа әкімшілік ғимаратының ашылу салтанатына қатысты.

- Осы жерде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын әділетті әрі салмақты шешімдер қабылданарына сенімдімін,-деп атап өтті Бердібек Сапарбаев өзінің құттықтау сөзінде.

Ғимараттың ашылуынан соң облыс әкімі осында құқық қорғау, сот және кейбір қадағалау органдарының басшыларымен қысқа жиналыс өткізді. Аймақ басшысы жиналысқа қатысушылардың назарын халықпен байланысты нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінінің сақталуын қамтамасыз етуге, дәстүрлі емес деструктивті дін ұстанушылармен жұмысты күшейтуге аударды.

- Халықпен тығыз байланыста болу оң нәтижесін беріп жатыр. Осы жылдың тоғыз айы ішінде облыстағы қылмыс саны 27 % төмендеді. Бұл - мемлекеттік билік органдарының жұртшылықпен кері байланыс орнатуының салдары. Біздің міндетіміз – заңдылық пен құқықтық тәртіпті әрі қарай күшейту үшін осы жұмысты жалғастыру,-деп атап өтті Бердібек Сапарбаев. 

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі