Ақтөбе облысында Астана күндері өтті

12 мамыр, сенбі күні Ақтөбеде елорданың 20 жылдығына орай Ақтөбе облысындағы Астана күндері аясында шаралар басталды. Мұнда аймақтардың өңіраралық серіктестігіне басымдық берілді.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев бастаған делегация Ақтөбе облысының инвестициялық жобаларының көрмесімен танысып, кейін «Астана мен Ақтөбе облысының өңіраралық серіктестігі» атты бизнес форумға қатысты.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өзінің құттықтау сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өңіраралық кооперацияяны дамытуға ерекше назар аударатынын атап өтті.

- Президент тапсырмасына сәйкес, біз Қазақстанның барлық өңірлерімен сауда-экономикалық өзара байланысты жолға қоюда үлкен жұмыстар атқардық. Аталмыш кездесудің Астана мен Ақтөбе облысы арасындағы серіктестікті әрі қарай дамытуда мықты серпін болатынына сенімдімін. Өңірлеріміз арасындағы кооперация, соның ішінде «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Біз Ақтөбе өнімдерін Астана нарығына жеткізуді келешекте кеңейтудің ауқымды әлеуетін көріп тұрмыз. Біз елордалық кәсіпкерлерге «Ақтөбе» индустриалдық аймағынан 200 гектар жер телімі мен тегін инфрақұрылым ұсынуға дайынбыз. Сондай-ақ, бізге Астананың аумақты абаттандыру, қоғамдық кеңістікті жасау, қала құрылысы саясаты, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы тұрғысындағы тәжірибесі қызықты, -деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Форум алаңында іскер орта, даму институттары мен мемлекеттік органдардың өкілдері кәсіпкерлікті қолдаудың өңірлік бағдарламаларын, инвестициялық жобаларды, МЖС жобаларын, Smart City қағидасын, экономиканы цифрландырудың инновациялық шешімдерін, қызмет саласын дамыту, цифрлық маркетингтің бизнесті дамытудағы рөлі және т.б. талқылады. Форумның қорытындысы бойынша өңіраралық серіктестікті дамыту, өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру туралы келісімдерге қол жеткізілді.

Тиісті меморандумға Астана қаласы мен Ақтөбе облысы қол қойды. Бұдан басқа, өзара серіктестік туралы тағы сегіз меморандумға тауар өндірушілер мен өңірлерді дамыту институттары қол қойды. Атап айтқанда, Астана қаласына құрылыс материалдарын жеткізу туралы меморандумға «Астана» АҚ мен «Экотон-Батыс» ЖШС, «Стройдеталь» ЖШС арасында меморандумға қол қойылды. «Астана Innovations» АҚ елордаға «GIGANT KZ» ЖШС-нің автомобиль шиналары мен «Talan Technology» ЖШС-нің резеңке қоқымдарын жеткізу туралы келісімге қол қойды. Сондай-ақ, ақтөбелік тауарөндірушілер Астанаға сүт өнімдерін жеткізуді жоспарлап отыр, ал елордалық компаниялар Ақтөбеге «е-КСК» электронды жүйесін енгізбек.

Бұдан басқа, Ақтөбеге «LED Solution» ЖШС-нің көше жарығын ақылды басқару жүйесін енгізу туралы меморандумға қол қойылды. Жарықтандырудың интеллектуалды жүйесі электр энергиясын аз қажет етеді, дыбыс және түтін датчиктерімен жарақтанған.

- Энергияны үнемдеу 80-90 пайызға дейін жетуі мүмкін. Датчиктер атыс немесе көмек сұраған дауыс сияқты қатты дыбысты жазу кезінде бұл туралы біріктірілген электронды жүйе арқылы құқық қорғау органдарына хабар беруге мүмкіндік береді. Түтін датчиктері тиісінше, болуы мүмкін тұтану жайында өртке қарсы қызметтерге дабыл жібереді,-деді «LED Solution» ЖШС директоры Қаныбек Айтақов.

Айта кетейік, 12-14 мамыр аралығында Ақтөбеде Астана күндері өтуде. Үш күн бойы ақтөбеліктерді үздік қойылымдар мен экспозициялар күтеді. Оларды бүгін сағат кешкі бесте «Өнер орталығында» өтетін «Астанадан ақ тілек» концерті ашады. Ақтөбеліктер үшін «Сарыарқа» халық музыкасы, «Шалқыма» халық биі ансамбльдері өнер көрсетеді. Олармен бірге сахнада отандық эстрада жұлдыздары Бейбіт Қорған, Клара Төленбаева, Ринат Малцагов, Қайрат Баекенов пен «Формат» тобы және басқалар мерекелік атмосфераға әр береді.

Елорда әртістерінің шығармашылық кешін тамашалай алмағандардың оларды келесі күні кешкісін Президент саябағының алаңында өтетін Open air концертінде кқруге мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, 12-13 мамырда Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрдың сахнасында Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыка-драма театрының актерлері «Қызыл орамал шынарым» қойылымын қояды.

Елордалық қонақтардың айшықты мәдени бағдарламасын 13 мамырда Астана қаласының мемлекеттік академиялық филормониясы қазақ оркестрінің «Елордадан елге сәлем» концерті толықтырады. Ұйымдастырушылардың айтуынша Ақтөбедегі гастрольдерінің ерекшелігі Тәуелсіздік сарайы әкеле жатқан «Елбасы – Елорда» экспозициясы болмақ. Көрме 12 мамырдан 14 мамырға дейін үш күн бойы жұмыс жасайтын болады, оны «Өнер орталығының» концерттік залында көруге болады.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі