Ақтөбе облысында бірқатар тағайындаулар орын алды

Ақтөбе облысының әкімдігінде өткен жиында үш басқарма мен әділет департаментінің жаңа басшылары таныстырылды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өкімімен осы жылдың 24 қыркүйек күні Сыдықов Рахат Мәжитұлы Қарғалы ауданының әкімі лауазымынан босатылып, Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.

  Рахат Сыдықов 1962 жылы туған. Алматыдағы сәулет-құрылыс институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1986 жылы Ақтөбе газ шаруашылығының өндірістік бірлестігінде бас инженер болып бастап, кейін Шалқар ауданарлық газ шаруашылығы басқармасын басқарды. 2002 жылдың мамыр айында Шалқар ауданының әкімі, 2013 жылдың маусым айында Қарғалы ауданының әкімі лауазымына тағайындалды.

Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы лауазымына бұдан бұрын Ақтөбе облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы болған Иманалин Нұрлан Жұмашұлы тағайындалды.

Нұрлан Иманалин 1966 жылы туған. Алматы теміржол транспорты инженерлер институтын жол қатынасы инженері - құрылысшы мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1983 жылы Батыс Қазақстан темір жолының Ақтөбе қашықтық жолының монтері болып бастайды. Кейін инженер болып еңбек етті. Мемлекеттік қызметке 1992 жылы Ақтөбе қалалық әкімшілігінің бөліміне аға референт болып қабылданды. Әр түрлі жылдары Қобда ауданының Исатай ауылдық округінің әкімі, Ақтөбе облысы әкімінің аппарат басшысының орынбасары болған. 2017 жылы қазан айында Ақтөбе облысының мемлекеттік сәулет – құрылыс бақылау басқармасының басшысы болып тағайындалады.

Ақтөбе облысының мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы болып бұдан бұрын Ақтөбе облысының экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары лауазымында болған Қайырмеков Әділ Қабдылкәдірұлы тағайындалды. 31 жастағы Әділ Қайырмеков Р.Рысқұлов атындағы қазақ экономика институтын қаржыгер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2006 жылы екінші деңгейлі банкте клиенттерге қызмет көрсету жөніндегі маман болып бастаған. 2010 жылы Ақтөбе облысы қаржы басқармасының бөліміне бас маманның міндетін атқарушы болып қабылданады. Аталмыш басқармада әр түрлі жылдары түрлі лауазымдар атқарған. 2015 жылдың тамыз айынан бері Ақтөбе облысының экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының оырнбасары болды.

Бұдан өзге, ҚР Әділет министрлігінің жауапты хатшысының бұйрығымен Ақтөбе облысы Әділет департаментінің басшысы лауазымына бұдан бұрын ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті заң қызметін ұйымдастыру және лицензиялау басқармасының басшысы лауазымын атқарған 38 жасар Қолымбаев Бекболат Жұматайұлы тағайындалды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі