Ақтөбе облысында денсаулық сақтау саласын дамытудың 2017 жылғы жұмысы қорытындыланды

Бүгін өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының алқа мәжілісі өтіп, 2017 жылы атқарылған жұмыстар қорытыланды жəне алдағы кезеңнің жоспары белгіленді.

Мәжіліске медицина өкілдері, денсаулық сақтау саласының ардагерлері, облыстағы емдеу-профилактикалық мекемелердің, үкіметтік емес ұйымдардың жəне т.б. басшылары қатысты.

Өңір басшысы облыста мемлекет басшысының өлім-жітімді азайту, туу көрсеткіші мен өмір сүру ұзақтығын арттыру бойынша тапсырмасын орындаудың ең тиімді шаралары қабылданып жатқанын атап өтті.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев аталмыш сала бюджеті 2017 жылы 42,3 млрд. теңгені құрағанын айтты. Аймақта он мың тұрғынға 34,2 медицина қызметкерінен келеді. 2016 жылмен салыстырғанда дәрігерлермен қамту 7,5% артты.

Жоғары технологияны пайдалану және медициналық көмекті  жақсы деңгейде көрсетуді ұйымдастыру халық санын көбейтуге  септігін тигізді. Есептік кезеңнің ішінде өңірдегі өлім-жітім 4,8 % төмендеді, соның ішінде бір жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім-жітім 24,3 %, ал ана өлімі үш есе азайды.

Ұлттық скринингтік бағдарлама аясында облыстың 342 мың тұрғыны тексеруден өтіп, олардың 8878-інен сырқат белгілері табылды.

Батыс өңірінің халқына қызмет көрсететін Ақтөбе медицина кластері жұмысын бастағалы бері 1278-ден аса емделушіге жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілді. Соның ішінде 11 бауыр ауыстыру,  35 бүйрек алмастыру, тізе және жамбас буынын трансплантациялау және 358 күрделі кардиохирургиялық оталар жасалды.

Өңірдің денсаулық сақтау жүйесін материалдық-техникалық  жағынан қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр. Есептік кезеңнің ішінде мемлекеттік-жеке серіктестіктің арқасында бес дәрігерлік амбулатория, екі медицина бекеті, офтольмологиялық бекет пайдалануға берілді. 2018 жылы Ақтөбеде жаңа жедел медициналық жәрдем бекеті ашылмақ. Перинатальды орталық пен туберкулезге қарсы диспансердің құрылысы жалғасуда.

«Осы жаңа нысандардың барлығы, заманауи медицина жабдықтары тиімді жұмыс жасаулары үшін кәсіби мамандар қажет. Медицинада ештеңе де бір орында тұрмайды, әрқашан жаңа дүниелер ашылып жатады, сондықтан біздің дәрігерлерді үнемі оқытып тұруға және кәсіби халықаралық серіктестікті әрі қарай дамытуға баса назар аудару керек. Біздің тәжірибелі дәрігерлерді шетелге оқуға жіберіп, Ақтөбеде әлемнің жетекші мамандары қатысатын семинарлар мен жаттығуларды, шеберлік сабақтарын көбірек өткізу қажет»,-деді облыс әкімі.

Жиын соңында өңір басшысы барлық бағыттар бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Соның ішінде өңірлік медицинада «Сандық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру, ауылдық елді мекендердегі медициналық мекемелерді материалдық-техникалық жағынан жабдықтауды күшейту және т.б. міндеттелді.

Бұдан өзге Бердібек Сапарбаев облыс дәрігерлерін өздерінің борышы мен адамгершілік сезіміне адал болуға шақырды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі