Ақтөбе облысында дәнді дақылдарды жинау жоспарлы тәртіпте жүріп жатыр

6 қыркүйек, бейсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Әйтеке би және Хромтау аудандарында дәнді дақылдарды жинау барысымен танысты. Өңір басшысы «Еңбек-агро» ЖШС, «Комсомол» ЖШС, «Ақжар Агро» ЖШС және «Наурыз» ШҚ сынды бірқатар шаруа қожалықтарының егіс алқаптарында болып, егін және мал шаруашылықтарымен айналысатын алпыс шаруа қожалығының басшыларымен кездесулер өткізді.

Бердібек Сапарбаев шаруаларды цифрлық технологияларды енгізе және өндірісті жаңғырта отыра ауыл шаруашылығын дамытуға шақырды.

- Мемлекет сіздерге жан жақты қолдау көрсетіп жатыр. Техника, тұқым, тыңайтқыштар сатып алу үшін субсидияны толық көлемде бөліп, егін егу және астық жинау науқандары кезінде арзандатылған жанармаймен қамтамасыз етуде. Өз кезегінде, сіздер де жерді барынша тиімді пайдаланып, оның құнарлылығын сақтап қалып, барлық технологияларды сақтап, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инновацияларды енгізулеріңіз керек. Тек сонда ғана өнімнің жоғары түсімділігі мен сапалылығы қамтамасыз етіледі, - деп атап өтті облыс әкімі шаруалармен кездесу кезінде.

Қазіргі таңда дәнді дақылдарды жинау облыстың барлық аудандарында жоспарлы тәртіпте жүріп жатыр. Биыл өңірдегі егістік алаңы 15 %-ға кеңейтілді де 754 мың гектарды құрады. 444 мың гектар жерге дәнді дақылдар егілсе, оның жартысы ендігі жиналған. Астық өнімділігі орташа алғанда бір гектардан 9 центнерді құрайды.

Облыс басшысы Хромтау ауданына сапары кезінде «АКМЭЗ» ЖШС-нің Ақжар селолық округі аумағында салынып жатқан май мен жемшөптік күнжара шығаратын май экстракциялау зауытының құрылыс барысымен танысты. Жоба құны – 1,2 млрд теңгеден асады, оның 796 миллионын «Қазагро» ҰБХ желісімен қаржыландырылған. Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар су құбырлары мен электр желілерін тартып беріп қолдау көрсетті, жуырда нысан газ құбырларымен және теміржол жолдарымен қамтамасыз етіледі. Зауыттың өндірістік қуаттылығы 17 мың тонна май және 23 мың тонна жемшөп күнжарасы. Мұнда күнбағыстан өзге мақсары, зығыр, рапс және соя өңделетін болады. Зауыт ашылысымен жүз жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады.

   Инвесторлардың сөзінше, ең алдымен зауыт осы жылдың қазан айында іске қосылмақ. Өнімнің негізгі бөлігі Қырғызстан, Тәжікстан,Түркіменстан, Қытай және Ауғаныстан елдеріне экспортталатын болады.

Бұдан басқа, облыс әкімі жұмыс сапары кезінде Хромтау қаласы мен Комсомол ауылындағы әкімшілік ғимараттардың, дене шынықтыру - сауықтыру кешендерінің, балабақша мен мәдени орталықтардың құрылыс барысымен танысты.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі