Ақтөбе облысында дәстүрлі емес діни ағымды ұстанушылар саны үштен бірге азайған

7 маусым, бейсенбі күні Ақтөбеде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаевтың қатысуымен діни бірлестіктермен байланыс кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Жиын жұмысын ашқан өңір басшысы Елбасының әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау, облыс халқының бірлігін нығайту және әл-ауқатын арттыру бойынша тапсырмасын орындауда нысаналы әрі кешенді жұмыстардың жүріп жатқанын атап өтті.

2016 жылдан бері ҚР Бас прокуратурасымен бірлесе «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» ауқымды жобасы жүзеге асырылуда, соның барысында 530 мың адамды қамтыған 10 мыңға жуық шара өткізілді. Ақтөбе мен облыстың барлық аудандарында білікті дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, заңгерлер, теологтар, кәсіпкерлер мен құқыққорғау органдарының өкілдері жұмыс істеді. Басты назар ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға, әлеуметтік қорғау сұрақтарын шешуге, халықты оқытуға және жұмысқа орналастыруға аударылды. Ауыл тұрғындарымен кездесу кезінде өмір жолын дұрыс таңдауда ойландыратын «Қара жол» толық метражды фильмі мен «Үлкен сұрақ» спектаклі көрсетілді.

- Акцияның мақсаты – мемлекет саясатын түсіндіру, сонымен қатар, халыққа өзекті мәселелерін, соның ішінде әлеуметтік, медициналық сұрақтарды шешуге көмек көрсету, сонымен қатар, жұмысқа орналастыру және материалдық жәрдем беру, азаматтарға өз істерін ашуға қолдау көрсету. Бұл кездесулер өз нәтижесін берді. Мәселен, өткен жылы тіркелген қылмыстар саны 2016 жылмен салыстырғанда 27 пайызға төмендеген. Ең бастысы, Ақтөбе облысындағы деструктивті діни ағымды ұстанушылар саны үштен бірге азайды,-деді өңір басшысы.

Бұдан басқа, облыс әкімі прокуратурамен өзге де құқыққорғау органдарымен бірге әр ауданның елді мекендеріндегі халықпен кездесу өткізуде. Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығы облыстық филиалының дін жолындағы әйелдермен жұмыс істеп, оларды жұмысқа орналастыруға айтарлықтай үлес қосуы қоғамдық ұйымдардың үлгілі мысалдары болып табылады. Қауымдастық мүшелері ондаған әйелдерді оқытып, тігін және кондитерлік цехтарға жұмысқа тұрғызып, сондай-ақ оларға өз ісін бастауға көмектесті.

- Негізгі міндет - азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл жерде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен жұмысы болуы керек, - деді Бердібек Сапарбаев.

Өз кезегінде, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев ақтөбеліктерге дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарын түсіндіріп, сонымен қатар аймақтағы оң тәжірибені атап өтті.

- Ақтөбе облысы біздің еліміздің экономикасының көшбасшысы болып табылады және Қазақстанның дамуына өз үлесін қосады. Деструктивті діни ағымдарды ұстанушыларын дәстүрлі арнаға қайтару бағытында олармен жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижелері таң қалдырады. Егер осы бағыттағы бірлескен күш-жігерімізді бірге жалғастырсақ, нәтиже тиімді болады, - деді ол.

Жиын барысында сондай-ақ облыстық мешіт пен православ шіркеуі басшыларының, үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ көрнекті ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің сындарлы ұсыныстары тыңдалды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі