Ақтөбе облысында елорданың сыбайлас жемқорлықпен күрес тәжірибесін енгізуде

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына «ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ: ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ» атты жолдауында «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобалары аясында елорданың сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асыру тәжірибесін пайдалануды тапсырды. Аталмыш міндетті орындау мақсатында Ақтөбе облысында «Ақтөбе - құтты мекен» жобасы әзірленіп, бекітілді.

Жобаның басты үйлестірушілері – Ақтөбе облысының әкімдігі мен мемлекеттік істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аумақтық департамент.

- «Ақтөбе - құтты мекен» негізіне «Астана - адалдық алаңы» жобасы алынды. Ол жобалық менеджемент арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа құралдарын енгізуге бағытталған. Жобалық кеңсе облыстық әкімдік пен мемлекеттік істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі департамент қызметкерлерінен құралған. Сондай-ақ, сарапшы қоғамдастығы – қоғамдық кеңес, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері, кәсіпорындар тартылатын болады, - деп жеткізді облыс әкімінің аппарат басшысының орынбасары Архат Байқазақов.

Жоба әкімдіктің барлық құрылымдарының нақты ұсыныстар әзірленіп, олардың орындалуын бақылай отыра сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің кешенді сыртқы талдауы түрінде жүзеге асырылмақ. Бірінші кезекте, жобалық топ жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдама жүргізеді. Жобалық кеңсе қызметінің басты мақсаты – тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты, әкімшілік кедергілерді қысқарту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, мемлекеттік қызметтер сапасы мен халықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттыру.

- Сыбайлас жемқорлықты түп тамырымен жою – Президенттің негізгі тапсырмаларының бірі. «Ақтөбе - құтты мекен» жобасы сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар барлық саланы, әсіресе білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті дамыту, жер қатынастары, мемлекеттік сатып алу салаларын қозғауы тиіс. Бастысы – жұмыста ресмилікке жол бермеңіздер. Барлық мемлекеттік органдар жобаның сапалы жүзеге асырылуына мүдделі болулары керек. Сонда ғана біз елеулі оң нәтижеге қол жеткізе аламыз.

Айта кетейік, мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, «Ақтөбе – құтты мекен» жобасы аясында қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы мен ауыр тәртіптік теріс қылықтары үшін бірінші басшылардың дербес жауапкершілігін күшейтетін құжат әзірленді. Бүгінде аталмыш құжатқа басшылық қызметтегі 250-ден аса мемлекеттік қызметкер қол қойды. Соның ішінде Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері, басқарма басшылары бар. Олардың қатарына мектеп, колледж, медицина мекемелерінің директорлары және т.б. қосылады деп күтілуде.

Жиын кезінде сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы ағымдағы жағдай да талқыланды. Аталмыш сараптама бойынша талдаманы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі департамент басшысы Расул Медетов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл ұлттық бюросының департаменті басшысы Мейірлан Мұхамбетов таныстырды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі