Ақтөбе облысында Жастар жылында 300-ден астам іс-шара өтеді

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында Ақтөбе облысында Жастар жылында өтетін шаралардың жоспары қаралды.

Отырыс жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдерінен өзге жастар ісі жөніндегі қоғамдық ұйымдардың басшылары да қатысты. Облыс аудандарының қоғам белсенділері бейнебайланысқа қосылды.

Жастар жылында облыс бойынша 14-29 жас аралығындағы 200 мыңнан аса ақтөбелікті қамтитын барлығы 300-ден аса, соның ішінде халықаралық және  республикалық деңгейдегі іс-шаралар өтеді,- деді жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Нұрлан Күнтуов.

Оның айтуынша халықаралық жастар ынтымақтастығын, еріктілер қозғалысын дамытуға, қоғамдық сананы жаңғырту аясында жастарды әскери-патриоттыққа тәрбиелеуге, мәдени, азаматтық және рухани-адамгершілік құндылықтарға баулуға көңіл аударылмақ.

Бұдан басқа, БҰҰДБ қатысуымен жұмыссыз және оқитын жастарды кәсіби бейімдеу және жұмыспен қамту жұмыстары күшейтіледі.

«Жастардың аталмыш санаты жергілікті кәсіпорындарға жұмысқа орналастырылады, ал БҰҰДБ олардың алғашқы үш айғы еңбегін өтейді. Егер осы мерзім ішінде жас қызметкер өзін көрсете алса, онда ол кәсіпорын штатына алынады, ал егер керісінше болса, онда ол БҰҰДБ-ға өзінің әлеуметтік жобасын қаржыландыруға тапсырыс бере алады.

  Өңір басшысы талқылауды түйіндей келе Жастар жылы аясындағы барлық шаралардың нақты бір нәтижеге бағытталуы керектігін атап өтті.

«Атқарылған жұмыстың тиімділігін бағалайтын мақсатты индикаторларды анықтап алу керек. Жастардың жұмысқа орналасу деңгейінің артуы, жастардың қылмысқа бару деңгейінің төмендеуі және т.б.  секілді нақты қорытындылар болуы тиіс. Сондай-ақ, жастардың патриотизм сезімін, Отанға деген сүйіспеншілігін туғызуға да айрықша назар аударған маңызды. Біздер Елбасының жастарды қолдау бойынша тапсырмасын қоғамдық ұйымдармен күш біріктіре отыра сапалы орындауымыз қажеті»,-деді Бердібек Сапарбаев.

 

 

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі