Ақтөбе облысында жобалық басқару өзінің тиімділігін көрсетуде

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі бақытжан Сағынтаев жұмыс бабымен Ақтөбе облысына келді. Облыс орталығында өңір активімен және бизнес өкілдерімен өткен кездесуде Мемлекет басшысының өсімнің жаңа үлгісін қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын орындау сұрақтары талқыланды. Оларды шешу үшін экономиканың барлық маңызды бағыттары бойынша жобалық басқару енгізілген.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірде жобалық басқару аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар мен негізгі мақсатты индикаторлар жайында баяндады.

- Ақтөбе облысында тұрақты негізде жұмыс жасайтын өңірлік жобалық штаб құрылды. Оның негізгі мақсаты – мемлекет басшысының өңір экономикасының өсу қарқынын кем дегенде 5 %-ға сақтап қалу туралы тапсырмасының орындалуын қамтамасыз ету. Ол үшін жобалық басқару аясында 12 бағыт жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде жобалық басқарудың қызметі өз тиімділігін көрсетуде, - деп атап өтті облыс әкімі.

Осылайша, «Базалық индустрияландыру» бағыты аясында бүгінде облыс бойынша жалпы құны 76 миллиард теңгеге 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Ірі жобалардың қатарында алтын-кен комбинатының, керамикалық магнит пен құрылыс материалдарын шығаратын зауыттардың құрылысы, Весенне-Аралчинское мыс-колчедан кен орнын игеру жобалары бар.

Осы жылы Байғанин ауданындағы құны 33 млрд теңгеден асатын газ кешенін дайындау қондырғысының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Жоба «Қожасай» кен орнының шикізат қорын рационалды түрде пайдалануға мүмкіндік береді. Қайта өңдеу процесі кезінде құрғақ тазартылған және сұйылтылған пропан-бутан техникалық газын, тұрақты газ конденсаты мен түйіршіктелген күкірт алужоспарлануда. Нысанды осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған.

Өнеркәсіпті әрі қарай өсіру мақсатында биыл 55 миллиард теңгеге 35 кәсіпорынды жаңғырту жоспарлануда. Қазіргі таңда өңірде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 62,5 млрд. теңгеге төрт инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар: жел генераторын шығаратын зауыт, газды кәдеге жарату цехы, Ақтөбе қаласындағы мұз сарайы құрылыстарының, сонымен қатар, Хромтау қаласында жұмысы тоқтап тұрған керамика өнімін өндіретін зауытқа «жан бітіру» жобалары. Жалпы, жыл соңына қарай, облысқа 510 млрд. теңге инвестиция (2017 ж. – 437 млрд. тг.) тартылады деп күтіліп отыр. Оның 75% -ы бюджет қаражатынан тыс, 35% -ы сыртқы инвестициялар. Агроөнеркәсіп кешені – өңірді дамытудың басты артықшылықтарының бірі. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығында құны 10,6 млрд. теңгеге он инвестициялық жобаны енгізу жоспарлануда. Суармалы жерлер алаңы былтырғымен салыстырғанда 41%-ға, 30,5 мың гектарға дейін артпақ.

Сондай-ақ, асыл тұқымды ірі қара мал басы бір жарым есе көбейеді деп күтіліп отыр. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жайы да сөз болды. Облыста кәсіпкерлікті қолдау картасы жасалған. Бизнесті оңай жүргізуді жақсарту үшін «кедергісіз бизнес» жобасы жүзеге асырылуда. Соның аясында бизнесті оңтайландыру және тексеруді реттеу, сонымен қатар, мемлекеттің бизнесті қолдауын күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Экономиканың барлық салаларын цифрландыру жағына да ерекше көңіл бөлінуде.

Айта кетейік, Ақтөбеде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы әлеуметтік жауапкершілік аясында құны 2 млрд. теңгенің әлемдік деңгейдегі ІТ-орталығын салып жатыр. Жоба ІТ-компанияларды, стартаптарды дамытуға және жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған. Бұдан басқа, жобалық басқару көлік және логистика, білім мен денсаулық сақтауды дамыту, сонымен қатар өнімді жұмыспен қамту сынды бағыттар бойынша енгізілген және табысты қолданылып жүр.

Бердібек Сапарбаев қабылданып жатқан шаралардың арқасында, соның ішінде жобалық басқару аясында өңірлік экономика өсімі бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша шамамен 5%-ды құрағанын атап өтті. Барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Осылайша, өнеркәсіп өсімі 105,1%, ауыл шаруашылығы - 104,7%, бөлшек сауда - 103,1%, құрылыс - 108,8%-ды көрсетіп тұр. Әрекет етуші ШОБ субъектілері 105,6%-ға, инвестиция – 110,6% артқан.276 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл былтырғы жылдың осыған ұқсас кезеңіндегі деңгеймен салыстырғанда 13,9% көбірек.

Бұдан өзге, бүгінгі күні облыста жалпы құны 56 миллиард теңгеге мемлекеттік-жеке серіктестік пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің 128 жобасы жүзеге асырылуда. Жалпы, осы жылы өңір экономикасына бюджет қаражатынан тыс 32 млрд. теңге тарту жоспарда бар. (2017 ж. – 29 млрд. теңге).

- Біз Мемлекет басшысының, Үкіметтің өңір экономикасының тұрақты әрі сапалы дамуын қамтамасыз ету бойынша тапсырмасын орындау үшін бар күшімізді саламыз, - деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі