Ақтөбе облысында ИИДМБ-дің екінші бесжылдығы аясында 14 жоба жүзеге асырылды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Астанадағы ОКҚ-де өткен баспасөз мәлімдемесінде Ақтөбе облысындағы индустриялы-инновациялық дамуы мемлекеттік бағдарламасы жобаларының жүзеге асырылу барысы туралы хабардар етті.

«Екінші бесжылдықтың аясында ИИДМБ көлемі 127 млрд теңгені құрайтын инвестицияға 1,8 мың жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 16 жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде инвестициялар көлемі 18,5 млрд. теңгені құрайтын 14 жоба іске қосылды. Мыңнан аса жұмыс орны құрылды», - деді Б.Сапарбаев.

Бұдан басқа, 2017 жылы бағдарламадан тыс 13,8 млрд. теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба жоспарланған, оның ішінде 6,7 млрд. теңгені құрайтын 4 жобасы іске қосылып, 265 жұмыс орны ашылды.

«Инвестициялар тарту – Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауын іске асыру жөніндегі жұмысымыздың басымдықтарының бірі. Инвесторларға қолайлы жағдай тудыру мақсатында 200 гектар аумақты өнеркәсіптік аймақ ашылды. Жоба жоғары сұранысқа ие, бүгінгі күні Индустриалды аймақ жартылай толықты», - деді облыс әкімі.

Бүгінгі таңда өнеркәсіптік аймақта 1,7 мың жұмыс орны құрылған жалпы құны 85 млрд. теңге болатын 13 жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде Германия, Болгария, Швейцария және Түркия инвесторлары қатысқан жобалар бар.

 

Ақтөбе облысы әкімінің бспасөз қызметі