Ақтөбе облысында келісімшарттық міндеттерді орындау қатаң бақылауда

Ақтөбе облысының әкімдігінде ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаевтың, ҚР энергетика министрлігіінң департамент директоры Зияш Қияқбаевтың, жергілікті атқарушы,  аумақтық органдар мен компаниялар басшыларының қатысуымен жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттерін орындауына байланысты мәселе қаралды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 2016 жылдың қорытындысы бойынша қатты пайдалы қазбалар бойынша келісімшарттық міндеттерін орындамағаны үшін үш жер қойнауын пайдаланушымен 8 келісімшарт бұзылғандығын айтты. Қазіргі таңда тағы 5 жер қойнауын пайдаланушымен 8 келісімшарт бұзу шарралары қабылдануда.

Бердібек Сапарбаев облыс әкімдігінің Энергетика министрлігімен және Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп жер қойнауын пайдаланушылардың  қаржылай міндеттемелерінің, инвестиция мен табыстың,  өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бөлетін аударымдарының жалпы көлеміне және т.б. қатысты келісімшарттық міндеттерін орындауы мәселесін әрі қарай да қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді.

- Сіздер жер қойнауын игере отыра  өңіріміздің игілігі үшін қызмет етіп, барлық келісімшарттық міндеттерді орындауларыңыз тиіс. Заңбұзушылық орын алған жағдайда біз келісімшартты мерзімінен бұрын бұзу құқығын пайдаланатын боламыз,-деді облыс әкімі.

Айта кетейік, бұл - Ақтөбеде тиісті министрліктер өкілдерінің қатысуымен жер қойнауын пайдалану саласының өзекті мәселелеріне байланысты өтіп жатқан үшінші жиын.

Бұдан бұрын жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттерін бақылау бойынша жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданған болатын. Бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесінде сегіз компания бюджетке әлеуметтік міндеттері бойынша 130,1 млн.  теңге көлеміндегі қарыздарын өтеді. 2016 жылы әлеуметтік міндеттері бойынша қарызы бар тоғыз компанияға мыналар кіреді: «ТетисАралГаз» ЖШС, «Кул-Бас» ЖШС, «КБА Ойл Компани» ЖШС,  «Лайнс Джамп» ЖШС, «Кен Ойл» ЖШС, «Манаш» ЖШС, «ОйлРилоудингКорп» ЖШС, «Ақтөбетермококс» ЖШС, «Ақтөбе Темір ВС» ЖШС.

Жалпы алғанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында көмірсутек шикізатын өндіріп, өңдеумен айналысатын кәсіпорындар өздерінің қаржылық міндеттерін жоспардан 107% орындап, инвестицияның жалпы көлемі жоспардан 115% құрады, өнім көлемі жоспарланған көлемнен 101%, ал өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бөлінетін аударым  62% құрап, 2015 жылдың деңгейінен асып түсті. Сонымен қатар, кен орындарында қатты пайдалы қазбалармен айналысатын компаниялар қаржылай міндеттерін жоспардан 81% орындады. Инвестициялар бойынша жоспар 95%, ал өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына аударылатын шығын   2016 жылы 3 млрд. теңгені құрап, 2015 жылдың деңгейімен салыстырғанда 58 % артық.

Бұдан өзге, орталық мемлекеттік органдар тарапынан қолдауды қажет ететін бірқатар маңызды сауалдар да талқыланды. Солардың бірі – жер қойнауын пайдаланушыларды компаниясы өндірістік қызмет етіп жатқан облысқа тіркеу мәселесі.

ҚР ИДМ вице-министрі Тимур Тоқтабаев өңірде  аэрогеологиялық әдістерді қолдана отырып геологиялық барлау жұмыстарын күшейту, сонымен бірге әлеуетті инвесторларға резервтегі кен орны туралы  ақпаратқа сапалы, барынша  презентацияланған материалды дайындау жолымен қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша бірқатар ұсыныстар айтты.

Аймақ басшысы мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында өңірдің жер қойнауын пайдалану үшін, соның ішінде пайдалы қазбалар кен орнын барлау мен зерттеуде  жаңа технологияларды тарту қажеттігін атап өтті.

- Жаңа кен орындарын барлау мен зерттеудің келешегі зор. Біз ұсыныстарыңызды қолдаймыз,-деді тиісті тапсырмалар берген өңір басшысы.

Бердібек Сапарбаев тиісті ведомстваларға «Қазгеология» ұлттық компаниясымен серіктестікті күшейтуді тапсырып, жер қойнауын пайдаланушыларға кен орындарын өз беттерінше барлау бойынша міндеттерін сақтау қажеттігін ескертті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі