Ақтөбе облысында көктемгі су тасқынына дайындық жүргізілуде

Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында 2018 жылғы көктемгі су тасқындарына дайындық барысы талқыланды.

Айта кетейік, өңірде қалалық және аудандық су тасқынына қарсы комиссиялар қазірдің өзінде жұмыстарын бастап кетті.

Үстіміздегі жылдың 15 - 19 қаңтар аралығында ТЖ департаменті Елек және Қарғалы су бассейндерін тексеріп, қарап шықты, нәтижесінде өзеннің жоғарғы жағындағы қар жамылғысының биіктігі 16-20 см құрайтыны белгілі болды, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 9-17см аласа.

«Ақтөбе су қоймасының артық қоры бүгінгі күні 123 млн текше метр немесе 51%, Қарғалы өзенінде - 170 млн текше метр, яғни су қоймасының жалпы млн көлемінің 61% -ы артық, Сазды су қоймасының артық су қоры - 5,4 млн. текше метр немесе 72% құрайды»,-деп хабарлады төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов.

Оның айтуынша, су тасқыны қаупі бар учаскелердің паспортын түзету барысында облыстың су басуы ықтимал аумаққа кіретін 12 мыңға жуық тұрғыны бар 43 елді мекені анықталды.

2017 жылы су тасқынының алдын алу үшін 4 шақырым өзеннің түбі тереңдетіліп, тазаланған, су тасқыны қаупі бар 3,3 шақырым өзен жағалаулары бекітіліп, 0,4 шақырым су бұрғыш арықтар салынған. Ақтөбе қаласы мен облыстың елді мекендері аумағынан ағымдағы қыс мезгілі басталғаннан бері 82 мың тонна қар шығарылды. Су тасқыны кезеңіндегі жұмыстар үшін жанар-жағар май қоры, 8 мың тоннадан астам инертті материалдар, 23 мың дана ыдыс-қап дайындалды.

Төтенше жағдайлар департаментінің, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының, «Қазгидромет» филиалының басшыларының және т.б. баяндамаларын тыңдаған облыс әкімі бірқатар тапсырмалар берді.

«Су тасқынына қарсы комиссиялар тиімді жұмыс жасаулары керек, ал «Қазгидромет» өзекті ақпаратты уақытылы берулері тиіс. Су тасқынына қарсы шараларға жұмылдырылатын барлық қызметтердің дайындығын үнемі тексеріп отыру қажет. Су тасқынына қарсы шаралар қатаң бақылауда болуы тиісті»,-деп атап өтті облыс әкімі.

Жиын барысында жылыту маусымын өткізу мәселелері де қаралды.

Энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Дастан Амановтың айтуынша, өңірдегі жылу маусымы тұрақты режимде өтіп жатыр, барлық әлеуметтік, білім беру, денсаулық сақтау нысандары жылумен үздіксіз қамтамасыз етілуде.

«Барлық әлеуметтік нысандар қажетті 38 870 тонна көмірмен және 4 555 тонна көлемінде сұйық отынмен толық қамтамасыз етілді. Қазіргі кезде 20 573 тонна немесе 52,9% көмір және 2 482 тонна немесе 54,5% сұйық отын тұтынылды. Облыс тұрғындарының көмірге қажеттілігі шамамен 44 995 тоннаны құрайды. Бүгінгі күні нақты 35 970 тонна көмір жеткізілді. Өткізу пункттеріндегі қор 835 тоннаны құрайды», - деп есеп берді Аманов.

Баяндаманы тыңдаған аймақ басшысы уәкілетті органдарға облыс аудандарындағы көмірге баға қоюды тексеруді тапсырды.

«Өндірушілер көмірдің тоннасын 5 мың теңгеден сатады, ал Ойыл ауданында ол неге 20 мың теңге тұрады? Бұл айтарлықтай айырмашылық. Бұл жағдайды анықтау қажет», - деді Бердібек Сапарбаев.

Жиынды жалғастырған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов 2017 жылғы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша меморандумдардың орындалуы туралы мәлімдеді. Осы мәселелерді талқылау барысында «Қолқанат Ақтөбе» және «Парыз» қайырымдылық қорларының қызметі қаралды. Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың келтірген деректері бойынша 2017 жылы «Қолқанат Ақтөбе» шамамен мың отбасыға 227,4 млн. теңгеден астам сомаға көмек көрсеткен. Сонымен қатар, «Парыз» қоғамдық қорына былтыр 1,8 млрд. астам теңге түскен. Қаражатты, негізінен, әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру үшін облыстағы ірі кәсіпорындар аударған. 2018 жылы әлеуметтік жобаларды, сонымен бірге жеңіл атлетика манежі, оңалту орталығын және басқаларын салу үшін «Парыз» қоры 2,1 млрд теңге бөледі деп күтілуде.

Жиын соңында облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Махамбет Абисатов, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа «Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалін табыстады. Медаль Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен берілді. Белгілі болғандай, 2017 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында қылмыс деңгейі 20 пайызға азайған.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі