Ақтөбе облысында Медициналық кластерді дамыту стратегиясы әзірленді

Ақтөбе облысында Ақтөбе медициналық орталығын әрі қарай дамытудың бес жылдық  стартегиясы әзірленді. Құжат жобасы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында таныстырылды.

Халықаралық сарапшылардың қатысуымен  жасалған 2018-2022 жылдарға арналған стратегиялық даму бағдарламасы, ең алдымен, медициналық кластердің тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған.

- Бұл үшін жоғары технологиялық медициналық қызметтердің үлесін арттыру, ішкі медициналық туризмді дамыту, кластер қалыптастырушы субъектілердің инфрақұрылымдық құрамын одан әрі жаңғырту және Ақтөбе медициналық кластерін халықаралық аккредитациялау жоспарланып отыр,- деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Облыс әкімі медицина саласында жоғары кәсіпқой мамандар командасын құрудың маңыздылығын атап өтті. Бұл жөнінде медкластерді дамытудың стратегиялық бағдарламасында да қарастырылған. Облыс басшысы М.Оспанов атындағы БҚММУ басшылығына осы міндетті жүзеге асыруға белсенді түрде қатысуды тапсырды.

- Медициналық кластердің тиімділігінің негізгі белгісі облыс халқының денсаулық көрсеткіштерінің жақсаруы мен медициналық туризмнің дамуы арқылы көрінеді. Осы мақсаттарға жету үшін бірлесе жұмыс істеп, медицина саласының барлық субъектілерінің өзара қарым-қатынаста болуы қажет, - деп атап өтті Б.Сапарбаев.

Белгілі болғандай, «Ақтөбе медициналық орталығы» негізінде медициналық кластердің құрыла бастағанына  бір жылдан астам уақыт өтті. Әсет Қалиевтің айтуынша, кластерлік саясатты жүзеге асыру медициналық ұйымдар қызметтерінің сапасы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Ең алдымен, еңбек өнімділігінің артуы, диагностика мен емдеу сапасын жақсарту, жоғары технологиялық медициналық қызметтер шоғырын кеңейту, стационарлық медициналық жәрдемді ұйымдастыруда халықаралық стандарттарды енгізу қамтамасыз етілді.

Медициналық кластердің тиімділігін қамтамасыз ететін маңызды элемент ретінде денсаулық сақтау саласында кластерді қалыптастырудың негізгі құралдарының бірі болып табылатын МЖӘ негізінде медкластер қызметіне  шетелдік серіктестердің қатысуын атауға болады.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі