Ақтөбе облысында мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің 151 жобасы жүзеге асырылуда

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен селекторлық жиында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларының жүзеге асырылуы талқыланды.

- Мемлекет басшысы мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамытуға баса көңіл аударады. Аталмыш механизм келешекте облыстық бюджетке түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, сонымен бірге халықтың әлеуметтік қорғалуын жақсартуға мүмкіндік береді, - деді өңір басшысы.

Облыс әкімі мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің даму қарқыны жақсы екенін атап өтті, алайда, оның пікірінше нәтижелердің бұдан да жақсы болуына мүмкіндік зор және ол үшін қажетті қор бар.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік  өңірлік орталығының басшысы Раиса Келмұханбетованың мәліметіне қарағанда бүгінгі күні облыста 151 жобаны әзірлеу және жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде, соның ішінде білім беру саласында – 79, денсаулық сақтау саласында – 52, көлік пен автожолдар – 5, спорт – 5 және тағы басқа жобалар бар. Инвестицияның жалпы көлемі 42,6 млрд. теңгеден асады. Ақтөбеде офтольмологиялық орталық пен «Сымбат» мектебінің жанынан дарынды балаларға арналған интернат пайдалануға берілді, жедел медициналық бекет, балалар стомотологиясы, мұз айдыны сарайының құрылысы жүріп жатыр, аудандарда жиырма медициналық мекеме салынған.

Облыс әкімінің пікірінше, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларының нақты критерийлері мен құжат жинаудың нақты мерзімін анықтау, құжаттаманы жасау және жобаларды жүзеге асыру мемлекет пен жеке сектор арасындағы ынтымақтастықтың дамуына септігін тигізеді.

- Сіздерде нақты әдістеме жоқ. Сіздер Ұлттық экономика министрлігімен бірге жұмыс істеулеріңіз қажет және осы бағытта әрі қарай жұмыс істеу кезінде барлығына түсінікті болу үшін қай жобаның мелекеттік-жекеменшік серіктестік болып табылатынын, қайсысы табылмайтынын көрсетулеріңіз қажет,-деді тиісті құжатты осы айдың соңына дейін әзірлеуді тапсырған Б. Сапарбаев.

Өңір басшысы кәсіпкерлермен неғұрлым тығыз байланыс жасап, облыс аудандарында МЖС механизмдерін белсендірек дамытуға, жаңа жобалар құнын қысқарту қажеттігін атап, оларды іздестіру жұмыстарын күшейтуге шақырды.

- Мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің басты өлшемі – бұл бюджет қаражатын үнемдеу. Сондықтан мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларының ең аз мерзімі жеті жыл болу керек. Осыдан кейін ғана нысандар коммуналдық меншікке беріле алады. Сонда ғана қаржы үнемделеді,-деді облыс әкімі.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі