Ақтөбе облысында Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамыту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде

Бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбеге келген Eurasian Resources Group директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевичпен бірге оқушылардың бос уақыты мен шығармашылығын ұйымдастыруға арналған жаңа әлеуметтік құрылыс жұмысымен танысты.

Алаңы 13 мың шаршы метр және жобалық қуаты 1000 орынға арналған Ақтөбе облыстық шығармашылық академиясының құрылысы 2016 жылдың жазында басталған болатын. Бұл мақсатқа «Қазхром» ТҰК» АҚ 1,8 млрд теңге бөлді. Ғимарат заманауи стандарттар мен талаптарға сай, жаңа құрал-жабдықтармен жарақтанған, мұнда балалар үшін барлық жағдай жасалған. Академияда балалардың шығармашылығын шыңдау үшін 50-ден астам үйірмелер мен секциялар жұмыс жасап, балалар робот техникасымен, әуе, кеме үлгілерін жасаумен айналыса алады, акт залы бар.

Айта кетейік, 2016 жылы облыс әкімі көне ғимаратта орналасқан планетарийді көріп, бірегей нысанның жуық арада жаңа нысанға көшетініне уәде берген болатын.

Бұдан кейін Бердібек Сапарбаев пен Александр Машкевич халықаралық олимпиада, ғылыми жарыстар, сонымен қатар шығармашылық конкурстардың жеңімпаздарымен кездесті. 2016 жылы облыс атынан 48 қатысушы шығып, 30-ы жүлделі орындарға ие болған еді. 2017 жылдың басынан бері республикалық ғылыми жарыстарға қатысқан ақтөбелік дарынды балалар командалық екінші орынға ие болып, 13-ші халықаралық Жәутік олимпиадасынан күміс және қола медальдармен оралды.

Кездесу соңында ERG директорлар кеңесінің төрағасы аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін қосымша 580 млн теңге бөлуге уәде етті. Бұған қоса, 2017 жылы облыс әкімдігі мен Еуропалық топ арасындағы 2017-2018 жылдары әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру туралы меморандум аясында Хромтау қаласында 320 орынға арналған балабақша салынбақ.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі