Ақтөбе облысында мереке күндері халықты қауіпсіздікпен қамтамасыз ету шаралары қолданылуда

You are here

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыс тұрғындары мен қонақтарын мереке күндері қауіпсіздікпен қамтамасыз ету мәселеелріне  қатысты жиналыс өткізді.

Бұдан бұрын өңір басшысы Астана қаласында өткен «Рухани жаңару» қоғам санасын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ҚР президенті жанындағы  ұлттық комиссияның отырысына қатысқан болатын.

Бердібек Сапарбаев комиссия мүшелері орталық  және жергілікті органдардың бағдарламаны жүзеге асыру бойынша жұмыстарының қол жеткізген нәтижелерін талқылағанын айтты.

Жиналыс барысында облыс әкімі ірі іс-шараларды өткізуге байланысты өңірдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Атап айтқанда, 28 мамырда Қала күніне, 1 маусымда Балаларды қорғау күніне  орай өтетін ауқымды мерекелік шаралар.

- Жақын күндері көптеген іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Біздің басты міндетіміз – адам көп жиналатын жерлерде халықтың қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз ету. Бұл үшін барлық шараларды қолдану қажет. Өңірде жүргізіліп жатқан діни ахуалды тұрақтандыру жұмыстары жалғасын табу қажет. Соған байланысты түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. бұл бағытта оң нәтижелер де жоқ емес: Орталық мешіт айтарлықтай жақсы жұмыс жасауда. Алайда біз қарқынды бәсеңдетпеуіміз керек. Біз діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру, сонымен қатар мақсатты топтар арасында алдын алу жұмыстарының атаулы сипатын күшейту бойынша ұтымды шараларды қолдануымыз қажет,-деп атап өтті облыс әкімі.

Жиналыс соңында Бердібек Сапарбаев бұл жұмысқа барынша көңіл бөліп, алдын алу шараларына  барлық жағынан жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары мен арнайы органдар, жергілікті билік және ең бастысы қоғам күш біріктіріп, бірлесе жұмыс жасаулары қажет.

Айта кетейік, жуырда өңірде лаңкестік іс-әрекет жасағасы келген бірнеше күдікті ұсталған болатын. аталған деректер бойынша  тергеу жүргізілуде.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жаңалықтар таспасы