Ақтөбе облысында Президент тапсырмасын орындауға барлық мүмкіндіктер бар

You are here

Жуырда Ақтөбе облысының әкімдігінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған облыс активі өтті.

Шара барысында облыс әкімі стратегиялық құжаттың негізгі басымдылықтары мен ұлт көшбасшысы белгілеген ауқымды тапсырмаларды жүзеге асыру жолдарын айтты. Бердібек Сапарбаев агроөнеркәсіп кешенін дамыту тақырыбына ерекше тоқталды.

- Президент өз жолдауында еліміздегі агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор екенін және аграрлық сектор экономиканың жаңа драйвері болуы қажет екенін атап өткен болатын. Соңғы жылдары, мемлекет тарапынан уақытында қолға алынып жатқан шаралардың нәтижесінде біз облыстағы агроөнеркәсіп кешенінің дамуына айтарлықтай оң өзгеріс енгіздік. Елбасының қолдауымен осы бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады, - деді Бердібек Сапарбаев.

2016 жылы облыстағы ауыл шаруашылық саласында құны 3,2 млрд теңге болатын 25 инновациялық жоба жүзеге асырылды. 2016 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығындағы нақты көлем индексі 8,6%-ға өсіп, дәнді дақылдың орташа түсімі 2,2 есеге артты. Ірілі-ұсақты қара мал, жылқы басы мен құс саны көбейді. Бүгінде өңірде 104 өндірістік ауыл шаруашылық кооперативі бар. Кооперативтерді техникалық жағынан жарақтандыру мақсатында облыс басшылығы 13 рефрижератор, 13 сүт тасушы көлік, 4 тіркемелі цистерна, 2 сүт қабылдау бекетін сатып алуға қаражат бөлді. Техника шикізатты орталықтан сапалы түрде жинап, өңдеуші кәсіпорындарға жеткізуге мүкіндік береді. Қолдау шарасының мұндай түрінің ауыл шаруашылық кооперативтері мен олардың өндіретін өнімдерінің көлемін әрі қарай дамытуда тигізер әсері мол.

Сонымен қатар, облыстың әр ауданында сүт және ет өңдеу цехын ашу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан өзге еңбек өнімділігіннің деңгейін арттырып, өндірістік шығындарды азайту үшін ауыл шаруашылығының әрбір саласына жаңа технологияларды енгізу бойынша жұмыстар күшейтілмек. Осы мақсатта 2016 жылы еліміздегі үздік аграрлық жоғары оқу орындарымен әріптестік

орнату жұмысы басталған болатын. Жалпы, өңірдегі ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу үшін жыл сайын 15-20 млн. теңге көлемінде бөлініп тұр.

Елбасының жерді пайдаланудағы тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Ақтөбе облысы 2018 жылға дейін суармалы жерлер көлемін 40 мың гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, 2018 жылы суармалы жерлер алаңы 12 мың гектардан 18,3 мың гектарға дейін ұлғайтылады.

-Біз қолда бар барлық қорларды пайдалана отырып, президенттің кезекті жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау үшін бар күшімізді салуымыз қажет. Мен біздің экономиканың негізгі салаларын дамытып қана қоймай, бәсекеге қабілетті өнімдер шығарып, сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатынымызға сенімдімін, - деп сөзін түйіндеді Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жаңалықтар таспасы