Ақтөбе облысында сыбайлас жемқорлық пен заң бұзушылыққа қарсы күрес жұмысы күшейтіледі

Сейсенбі, 13 наурыз күні облыс әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы өтті.

Жиынның басты тақырыбы - аймақтағы сыбайлас жемқорлық қылмыстары  мен құқық бұзушылықтарды  талдау нәтижесі, сонымен қатар ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар туралы болды.

Жиынды ашқан облыс әкімі мемлекеттік қызметшілер қатарындағы құқық бұзушылықтар санының артуын атап өтті. Облыстық прокуратура басқармасының басшысы Қанат Нахимбековтың айтуынша, 2018 жылдың басынан мемлекеттік қызметке нұқсан келтіретін тәртіптік құқық бұзушылықтардың 87 фактісі анықталды. Олардың жартысынан көбі ішкі істер органдарының қызметкерлері.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев барлық уәкілетті органдардың басшыларына, соның ішінде Ақтөбе облысы Ішкі істер департаментінің бастығы Махамбет Абисатовқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және құқық бұзушылықтың алдын-алу шараларын күшейтуді тапсырды.

- Мемлекеттік қызмет және ішкі істер органдарындағы құқық бұзушылықтарға қарсы күреске ерекше назар аудару қажет. Қылмыс санының өсуі жұмыста кемшіліктер бар екенін көрсетеді. Оларды талдап, анықтап және жою керек », - деді облыс басшысы.

Сонымен қатар, жиын барысында жыл басынан бері облыс аумағында жасалған ұрлық пен тонау туралы статистиканың өсуі байқалатындығы атап өтілді. Осыған байланысты құқық қорғау органдары ұрланған мүлікті сату орындарын анықтау және жою жөніндегі жұмысты жандандырады.

Сондай-ақ, қылмыстың жалпы деңгейін төмендету мақсатында ағымдағы жылдың 4 сәуірінен бастап облыста «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы қалпына келтіріледі.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі