Ақтөбе облысында сұйылтылған газ бағасы 25 %-ға төмендеді

Ақтөбе облысының əкімі Б.М.Сапарбаевтың тапсырмасымен өңірдегі жанармай бекеттерінде сұйылтылған газ тапшылығын жою бойынша жедел штаб құрылды. Штабты басқару облыс əкімінің орынбасары Қ.Ə.Бекеновке тапсырылды.

Штабтың құрамында ҚР Энергетика министрлігі, облыс əкімдігі, құқық қорғау жəне қадағалау органдары, "СНПС Ақтөбемұнайгаз" ЖШС өкілдері, "Қазақойл Ақтөбе" ЖШС, газ комнанияларының бірлестіктері, газ құю бекеттерінің басшылары, облыстағы қоғамдық бірлестіктердің мүшелері бар.

Штаб өз жұмысына екі апта бұрын кіріскен болатын. Осы уақыт аралығында сұйылтылған газды жеткізудің өндірушіден бастап газ құю бекеттеріне дейінгі барлық тізбегі тексерілді, газдың нақты құны анықталып, бағасын белгілеу құрылымы зерттелді. Нəтидесінде отынның бөлшек саудадағы бағасы 25 % төмендеп, бір литрдің құны 55 теңгеден 41 теңгеге дейін түсті. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың сəуір айында сұйылтылған газ көлемі 2000 тоннаға өсіп, 7200 тоннаны құрады.

- Сұйылтылған газ тапшылығының шиеленісті төмендеп, отынның бөлшек саудадағы бағасы түсті. Қазіргі таңда сұйылтылған газдың жанармай бекеттерінде оңтайлы бағамен жүзеге асырылып жатқандығын айтқым келеді. Газ бағасына тасымалдау, сақтау, сонымен қатар, өтемпұлдық шығындар салықтар, еңбекке төлем жасау қоры кіріп, көбінесе сатып алу құнының 90 пайызын құрайды. Біз жағдайды үнемі бақылауда ұстап отырмыз. Бастысы - тапшылықтың қалыптасуына əсер еткен негізгі мəселелерді жою бойынша шаралар анықталып, қабылдануда. Соның ішінде көлеңкелі бизнес пен əкімшілік тосқауылдар, делдалдардың ұзын-сонар тізбегі,-деп атап өтті штаб басшысы, облыс əкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Жедел штаб тəулік бойы жұмыс жасайды. Штаб мүшелері тұрақты негізде зауыттан Автокөлікке газ құю бекетіне дейінгі жеткізуге үнемі бақылау жүргізеді, сұйылтылған газдың бар-жоғы мен бағасына мониторинг жүргізу үшін қала мен облыстағы газ құю бекеттеріне шығып тұрады. Бүгінде Ақтөбе қаласында газды 30 жанармай бекеті жүзеге асырып отыр. Күн сайын өңірдегі Автокөлікке газ құю бекетіне 210 тонна, соның ішінде облыс орталығындағы Автокөлікке газ құю бекетіне 180 тонна жанармай түседі. Қайрат Бекеновтың сөзінше бұл көлем сұйылтылған газге деген ішкі қажеттілікті толықтай қанағаттандырады.

 

«Ақтөбе ақпарат» орталығы