Ақтөбе облысында туризм саласының 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында Ақтөбе облысының туризм өнеркәсібінің даму перспективалары талқыланды.

Жиын барысында Ақтөбе облысында туристер саны тұрақты түрде өсіп келеді, деп хабарлады облыстық сыртқы қатынастар және туризм басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы. Оның айтуынша тек  2017 жылдың үшінші тоқсанында қонақ үйлер мен жатақханаларда 77 мыңнан астам қонақтар тіркеліп, 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22% -ға артты.

Елге келушілер туризмінде іскерлік сапарлар басым.  Есесіне облысымыздың мəдени жəне тарихи мұрасымен танысқысы келетін саяхатшылар аз. Мəдени-тарихи туризм дамуының кешеуілдеуінің маңызды мəселесі өлкенің көрікті жерлерін дəріптеу жұмыстарының нашарлығы, қызметтер сапасы мен қызмет көрсету мəдениетінің төмендігі, жол бойындағы қызметтерді дамытудың нашарлығы болып табылады. Облыс əкімі барлық айтылған бағыттар бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.      

- Қызмет көрсету мəдениеті болу керек. Этикет, сапалы қызмет - бізде жоқтың қасы. Біздің облыста көрікті жерлер көп емес, бірақ барымен жұмыс істеу керек. Сондай-ақ көшпелі медицина туризмін дамыту қажет,-деді Бердібек Сапарбаев.         

Айта кетейік, биыл өңірдегі туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында жалпы құны 5,1 млрд теңге болатын 30 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, бұл жол бойында қызмет көрсететін 20 нысан, 7 қонақүй, аквапарк, шипажай-панто емхана мен демалыс орны.                

Бұдан басқа, Ермек Кенжеханұлы «Бақытты бала» жобасын жүзеге асыру аясында Ақтөбе облысының 2 мыңнан аса оқушысы осы жазда Қазақстанның киелі жерлеріне саяхаттайтындарын мəлімдеді. Облыс əкімі білім басқармасына жолдамалардың оқуда, түрлі интеллектуалдық, спорттық жəне шығармашылық байқауларда ерекшеленген, қоғамдық өмірге белсене араласқан оқушыларға берілуін қатаң бақылауды тапсырды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі