Ақтөбе облысында туристер саны көбейді

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында туризм саласы мен жол бойында қызмет көрсетуді дамыту жайы талқыланды.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова Ақтөбе облысында туристер санының өсіп келе жатқандығын жеткізді. Оның айтуынша, осы жылдың бірінші жарты жылдығының ішінде қонақ үйлер мен хостелдерде 54 мың мейман тіркелген, бұл 2017 жылдың осыған ұқсас кезеңіндегі көрсеткіштен 16,6% көбірек. Кірмелік туризмде іскерлік сапарлар басым. Облысымыздың мәдениетімен және тарихи мұрасымен танысуға ниеті бар саяхатшылар едәуір аз. Облыс әкімі туризмнің осы түрі экономиканың маңызды құраушысы болатынына сенімді.

- Өкінішке қарай, біздің облыстың туристік әлеуеті бүгінде толық мөлшерде қолданылып жатқан жоқ. Мәртөк, Қобда, Ырғыз, Байғанин аудандарының келешегі бар. Егер де олардың көрікті жерлерін дәріптеумен жұмыстансақ, келушілер аз болмайды,- деді Бердібек Сапарбаев. Мәдени-тарихи туризмнің дамуын баяулататын маңызды мәселелер - өлкенің көрікті жерлерін дәріптеу жұмыстарының нашар болуы, қызметтер сапасы мен қызмет көрсету мәдениетінің төмендігі болып табылады.

- Қызмет көрсету мәдениеті әлі де жақсартуды талап етеді. Бұл мәселе іс жүзінде нөлдік деңгейде. Қызметкерлерді әдептілікке үйрету керек. Бізде тоқсаннан астам қонақ үйлер мен мейманханалар бар, бірақ, жазылған пікірлерге қарасақ, олардың бір де біреуінде не қызметтер, не жақсы нөмірлер, не жөнді тамақтар жоқтың қасы, - деді облыс әкімі. Ол сондай-ақ, туристердің облысқа келуін арттыруда жол бойындағы қызмет көрсетуді дамыту мен күшейтудің аса маңызды екенін атап өтті.

- Тиісті инфрақұрылымның болмауы – туризмді тежейтін басты проблемалардың бірі. Біз жолдарды көбірек салып жатырмыз, бірақ жол бойында қызмет көрсететін нысандардың жартысы стандарттарға сай емес. «Ақтөбе-Атырау» автокөлік жолын қайта салу басталған кезде сонымен бірге жол бойына қызмет көрсету нысандарын да салу тапсырылған болатын, алайда, бұл жұмыс ол жақта әлі күнге дейін жүргізіліп жатқан жоқ. Ал бұл кіріс көзі, жаңа жұмыс орындары емес пе?!,- деді өңір басшысы аудан әкімдері мен құзырлы мемлекеттік органдар басшыларына қарата айтқан сөзінде.

Облыс әкімі аталған барлық бағыттар бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Облысты дәріптеуде қосымша туристер легін тарту үшін өңірдің тарихи және мәдени мұрасының байлығына баса назар аудару керек.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі