Ақтөбе облысында Қазақстандағы тұңғыш инклюзивті балалар лагері ашылады

Ақтөбе облысында Қазақстандағы  тұңғыш жыл бойы жұмыс жасайтын «Күншуақ» сауықтыру инклюзивті балалар лагері ашылады. Ол Алға ауданы Бестамақ ауылынан 3 шақырым жерде орналасқан «Ақбөбек» жазғы лагерінің жанынан құрылады.

4 мамыр, жұма күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапары кезінде лагерьдің қайта жөндеу жұмыстарын тексерді. 

Қазіргі уақытта лагерь аумағында 9 бір қабатты үй, үлкен асхана, көкөніс қоймасы, монша мен басқа да әкімшілік ғимараттар бар. 1964 жылы салынған «Ақбөбек» лагері Алға балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған. Алайда, соңғы үш жылда олардың санының айтарлықтай төмендеуіне байланыстыжазғы маусымда лагерь бос болды.

«Бақытты бала» жобасының аясында «Ақбөбектің» жұмысы қайта жаңғырады. Қайта құрудан кейін мұнда оқушылардың, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалардың демалуы, дамуы және жетілуі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалатын болады. Білім беру басқармасының мәліметтері бойынша бұл - Қазақстандағы бірінші инклюзивті лагерь, ал ТМД елдерінде екінші кезекте тұр. Жобаға 182 млн. теңге бөлінді.

Сондай-ақ, облыс әкімі Бестамақ ауылында «Ақтөбе медресесі» колледжінің құрылғанына 10 жыл толуына арналған мерекелік іс-шараларға қатысты. Бүгінде мұнда 116 жасбілім алуда, олар - болашақ теологтар мен дінтанушылар.

 - Өткен жылдан бастап мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру басталды. Оның басты міндеті – мәдени және рухани құндылықтарды сақтау және көбейту. Бүгінде Қазақстан халықаралық аренада лайықты орынға ие болды және шүбәсіз саяси салмағы мен қарқынды дамып келе жатқан экономикасы бар. Осы факторлардың барлығын және әлемнің дамыған отыз елінің қатарына ену мақсатын ескере келе жеке ұлттық кодты сақтай отыра қоғамдық сананы жаңғырту қажеттігі пісіп жетілді. Президент белгілеген осы міндеттерге сәйкес біздің облыста, соның ішінде қоғамның руханилығына қатысты бірқатар іс-шаралар жүргізілуде. Және бұл мәселеде «Ақтөбе медресесі» колледжінің маңызы ерекше, осы оқу орны қоғамның рухани өміріндегі діннің шығармашылық рөлін нығайтуға қызмет етуі тиіс, - деді Бердібек Сапарбаев өз құттықтау сөзінде.

Сол жерде өңір басшысы аудан балаларына «Бақытты бала» жобасы аясында демалуға және саяхаттауға жалпы сомасы 13 миллион теңгенің тегін жолдамаларын тарту етті. Атап айтқанда, жүздеген кішкентай алғалық Астана қаласы мен Түркістанның киелі жерлеріне барады, тағы 510 бала «Шипагер» санаторийі мен Ақтөбе облысының шатырлы лагерьлерінде демалады.

Кездесу соңында жергілікті ақсақалдардың бірі Ахмет Аманжол сөз алды. Ол облыс басшылығына аудан тұрғындары мен балаларға көңіл аударғаны үшін алғысын білдіріп, Бестамақ ауылының тұрғындары Ақтөбеде салынып жатқан Қазақстандағы тұңғыш «Аналарға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығының құрылысына ат салысқылары келетіндерін жеткізді. Бұл үшін ауыл тұрғындары өз күштерімен 1 миллион теңге жинаған.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі