Ақтөбе облысында қазақ алфавитін латынға көшіру мәселесі талқыланды

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қазақ алфавитін латын әліпбиіне көшіру мәселесі бойынша жиналыс өткізді. Талқылауға қоғам қайраткерлері, тіл білімі саласының ғалымдары мен сарапшылар, ЖОО басшылары қатысты.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қазақ тілін латын әліпбиіне ауыстыру қажеттігін атап көрсеткен болатын. Біз үшін бұл - үлкен тарихи міндет. Мұнда біз жаңа алфавитті енгізудің тиімді жолдарын талқылау үшін жиналып отырмыз», - деді сөз басында Бердібек Сапарбаев.

Қазіргі уақытта облыста қазақ алфавитін латын графикасына көшіру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаеваның айтуынша, халықтың пікірін анықтау мақсатында әлеуметтік сауалнама жүргізілген. Нәтижесінде, өңірдегі тұрғындардың 80 пайыздан астамы бұл реформаны қолдайтыны анықталды.

-Бүгінде мәселе латын әліпбиіне өту немесе өтпеу жөнінде емес, жаңа қазақ алфавитінің қандай нұсқада болатыны туралы болып отыр», - деді Г.Төлебаева.

Кездесу кезінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру және жаңа әліпбиді тиімді енгізу мен оқытуға арналған әдістемелік базаны даярлау, т.б. туралы сөз болды. Осы мәселелер бойынша филология ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ филология факультетінің деканы Күлзат Садирова бірнеше ұсыныс білдірді.

Жиын барысында Бердібек Сапарбаев бірқатар тапсырмалар берді, әсіресе, мемлекеттік тіл реформаларын бұқаралық ақпарат құралдарында жарыққа шығаруды күшейтуге баса назар аударды. «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС басшысы Раукен Отыншин және «Қазақстан РТРК» АҚ филиалының директоры Ернұр Бурахан осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

«Президенттің бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан кейінгі алғашқы күндерден бастап-ақ, түсіндіру жұмыстары ЖШС-не қарасты барлық ақпараттық ресурстарда кеңінен жүргізілуде. Бұл шара одан әрі жалғасады», - деді Р.Отыншин.

«Жаңа телемаусымда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» идеясын негізге алған сегіз телебағдарлама жарыққа шығады. Жалпы алғанда, мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласы телеарнаның барлық жаңа жобаларында көрініс табады», - деп сендірді Е.Бурахан.

Кездесуді қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев қазақ тілінің латын жазуына ауысуы халықаралық стандарттарға сай жүргізіліп отырғанын атап өтіп, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жалғастыруды тапсырды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі