Ақтөбе облысында ҚР мемлекеттік хатшысына ерекше балаларға арналған лагерь таныстырылды

Ақтөбе облысында жұмыс сапармен жүрген ҚР мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан мен ТМД елдеріндегі жалғыз инклюзивті жыл бойғы «Күншуақ» лагерінде болды.

Лагерь алғашқы демалушыларын осы жылдың маусым айында қабылдайды. Бүгін мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қайырымдылық акциясы өтіп, мемлекеттік хатшының атынан естелік сыйлықтар мен лагерьге тұрмыстық техника тарту етілді. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев мемлекеттік хатшыға балалардың толыққанды дамуына барлық жағдайды жасауға бағытталған «Бақытты бала» жобасының жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

- Бізде ерекше қажеттілігі бар балалар қоғаммен біте қайнаса алмаған. Олар өз проблемаларымен қала беретін отбасыларда болған. Соңғы жылдары жағдай өзгере бастады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен белгілі бір заңдар қабылданып, стандарттар жасалуда. Балалардың күндіз болып, демалуына, оңалуына болатын мамандандырылған үйлер, мекемелер бар. Бірақ балаларға арналған мұндай лагерь тұңғыш рет ашылғалы тұр,-деді нысанды қарап шыққан соң әсерімен бөліскен Г.Әбдіқалықова.

«Күншуақ» лагері «Бақытты бала» өңірлік жобасы аясында Алға ауданының Бестамақ ауылынан 3 шақырым жерде орналасқан «Ақбөбек» жазғы лагері жанынан құрылды. 1964 жылы салынған «Ақбөбек» лагері Алға балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған. Алайда, олардың санының азаюына байланысты лагерь соңғы үш жылда және өткен жазда бос тұрды.

Демалыс аймағы аумағында 8 тұрғын үй корпусы, асхана, клуб, монша, спорт алаңдары мен басқа да ғимараттар бар. Барлық нысандар қалпына келтірілген. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды коррекциялық қолдаумен, жазғы демалыспен қамтамасыз ету және сауықтыру үшін барлық жағдай жасалған. Биыл «Күншуақ» лагерінде 650 бала демалады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, мұнда мемлекеттік хатшыға оқу корпусы бар «Әсем» жыл бойғы лагері таныстырылды. Соның арқасында балалар оқудан қол үзбей-ақ демала алады. «Әсем» балалар лагерінің демалыс аймағы Ақтөбе қаласында 13 гектар алаңда орналасқан. Келешекте лагерь халықаралық болуы қажет.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі