Ақтөбе облысында 2016 жылдың басынан бері еңбекақы бойынша 660 млн. тенгеден астам қарыз өндірілді

You are here

Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы 2016 жыл мен 2017 жылдың І тоқсаны арасында облыстағы ұйымдар мен кәсіпорындарға 928 тексеріс жүргізді. Бұл туралы облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Оразаев «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Жүргізілген тексерістер нәтижесінде 1600-ден аса түрлі заңбұзушылықтар анықталып, 260-тай лауазымды және заңды тұлғаға 34,6 млн. теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, жүзден аса ескертулер берілді.

- Азаматтардың барлық арыз-өтініштерінің 80 %-дайы еңбекақыны төлеу және төлемеу мәселелеріне қатысты. Сонымен қатар, 2016 жылы облыста еңбекақыны төлемеу деректері бойынша қандай да бір еңбек дауы мен наразылық акцияларының болмағандығын айта кету керек. Еңбек дауына қатысты жағдай бақылауда тұр,-деді Бауыржан Оразаев.

Оның айтуынша есептік кезең ішінде құқық қорғау органдары мен еңбек инспекциясының әрекет етуімен 666 млн. теңге көлемінде еңбекақы бойынша қарыз өтелген.

Ағымдағы жылдың 26 сәуіріндегі мәліметтер бойынша еңбекақы бойынша 4,2 млн. теңге көлемінде созылмалы қарызы бар жалғыз мекеме - «Мұнай Сервис Ақтөбе» ЖШС. - Еңбекақыны уақытылы төлемеу деректеріне жол берген кәсіпорындар анықталған жағдайда жедел шаралар қолданылатын болады, жағдай бақылауда,-деп сендірді Оразав.

«Ақтөбе ақпарат» орталығы

Жаңалықтар таспасы