Ақтөбе облысында 2017 жылдың соңына дейін 160 ауыл шаруашылығы кооперативі ұйымдастырылады

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев есеп беру кездесуінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында және Астанада өткен жеке кездесуінде алға қойылған мақсаттар мен тапсырмаларға тоқталды.

-Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өсімдік шаруашылығын дамытып, өңдеу, мал өнімдерінің өнімділігін арттырып, сапасын жақсарту, аймақтың экспорттық әлеуетін өсіріп, ауыл шаруашылығы кешенін тұрақты дамыту бойынша жұмыстар күшейтілді, - деді облыс әкімі.

2016 жылдан бастап өңірде 1300 жеке шаруашылықтың басын біріктірген 107 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Оның ішінде 73-і ет және сүт бағытында, 28-і көпсалалы кооператив, сонымен қатар, 4 кооператив дәстүрлі емес ауыл шаруашылығы түрлерін дамытуды қолға алды, екеуі көкөніс өсіреді.

Ауыл шаруашылығы кооперативінің техникалық мүмкіндіктерін арттыру мақсатында 2016 жылы 13 рефрижератор, 13 сүт таситын көлік, 4 тіркемелі цистерна, 2 сүт қабылдау бекетіне қаржы бөлінді. Техника шикізатты жинау және оны өңдеу кәсіпорындарына жеткізу жұмыстарын сапалы орталықтандыру жүйесіне қосуға мүмкіндік береді. Бұл қолдау жұмыстары ауыл шаруашылығы кооперативінің дамуына, олар өндіретін өнім көлемінің артуына септігін тигізеді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында 2016 жылы құны 3,2 миллиард теңге болатын 25 инвестициялық жоба іске асырылды.

Айта кетейік, 2017 жылдың соңына дейін 50 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланған. Ауыл шаруашылығы кооперативінің жүктемесін арттыру үшін кооперативтер базасы аясында қызмет көрсету-дайындау орталықтары ұйымдастырылады. Жоспарланған жұмыстар аясында 2017 жылы ет өңдеу 32 пайыздан 35 пайызға, сүт өңдеу 31 пайыздан 37 пайызға артады деп күтілуде.

Бердібек Сапарбаев өз сөзінде Ақтөбе облысы Мемлекет басшысының алға қойған аграрлық экспорттық өнім өндірісін арттыру тапсырмасын орындауға күш салатынын атап өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі