Ақтөбе облысында 29 мыңнан астам адам кешенді жоспар бойынша жұмыспен қамтылды

You are here

Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындармен есептік кездесу барысында хабарлады. Шараға қоғам өкілдері, соғыс және еңбек ардагерлері, кәсіподақ ұйымдарының, қоғамдық, діни, этномәдени бірлестіктердің, ірі шаруашылық субъектілерінің, қаржы институттарының басшылары, БАҚ өкілдері барлығы екі мың адам қатысты. Сондай-ақ, облыстағы 12 ауданнан он мың адам онлайн режимінде қосылды.

Ақтөбе облысының 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылаған Бердібек Сапарбаев мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты және ҚР Үкіметінің қолдауымен облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін төмендетпеу, жұмыссыздық саны өсуіне жол бермеу үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан барлық шаралар қабылданғанын атап өтті.

2016 жылы жұмыс орындарын құру, жұмыссыздар мен өз-өзін жұмыспен қамтып отырғандарды мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыра отыра қайта оқытуды қарастыратын тұрғындарды жұмыспен қамтуға ықпал ететін кешенді жоспар жалғасқан болатын. Өткен жылдың қортындысы бойынша жұмыспен қамту шараларының негізінде 29,5 мың адам жұмысқа орналастырылды. Соның ішінде «Жұмыспен қамтудың картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 13,4 мың адам еңбекпен қамтылды. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда бес есе артық,-деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.

Бұдан өзге, жұмысшылардың құқықтарын қорғау, жалақы және жұмыс орындарын сақтау мақсатында Ақтөбе облысы әкімдігі, өңірдегі кәсіподақтар мен кәсіпорындар басшылары арасында 2016 жылы жүз мың жұмысшының мүддесін қорғайтын 5200 меморандумға қол қойылды.

Халықты жұмыспен белсенді қамту шараларының кешенін жүзеге асыру нәтижесінде облыстағы жалпы жұмыссыздық деңгейі

4,8% құрады. Сонымен қатар, жастар арасындағы жұмыссыздық 2,6% -дан 2,4% дейін төмендеді.

Облыс әкімі сонымен қатар, 2017 жылы жұмыспен қамтудың кешенді жоспары арқылы 31 мың адамды еңбекке орналастыру жоспарланғанын айтты. Бұдан өзге, ағымдағы жылы нәтижелі жұмыспен жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы бастау алып, 6,6 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру және облыстың екі мың тұрғынын оқыту көзделуде. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін 4,9 млрд. теңге бөлінді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жаңалықтар таспасы