Ақтөбе облысының аудан әкімдері есеп берді

Жұма күні, 2 наурызда Ақтөбе облысындағы төрт ауданның әкімдері өңір басшысы Бердібек Сапарбаевқа 2017 жылғы жұмыс қорытындысы мен ағымдағы жылға арналған жоспарлар туралы баяндады.

Облыс әкімдігінде өткен кездесуге ардагерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты. Негізгі баяндамашылар - Хромтау ауданының әкімі Аманғали Бердалин, Ырғыз ауданының әкімі Мәди Елеусізов, Байғанин ауданының әкімі Асқар Шериязданов, Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұлов болды.

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев есеп беру кезеңіндегі жұмысты оң бағалап, ағымдағы жылға бірқатар міндеттер қойды. Ол негізгі міндет - экономикалық өсуді қамтамасыз ету екендігін баса ескертті.

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2017 жылы қол жеткізілген экономикалық өсу қарқынын сақтап қалуымыз керек. Ол үшін облыстың әр ауданы өз әлеуетін толық пайдалануы қажет. Бұл, өкінішке қарай, бүгін байқалмайды, - деді облыс басшысы.

- Әрбір аудан қосымша табыс көздерін іздеуге және табуға тиіс. Бір байқағаным, көптеген аудандар тек республикалық және облыстық бюджеттен түсетін ақшаны күтеді. Кейбірі тіпті оларды дұрыс игере де алмайды. Аудан әкімдері қосымша қаржыландыру көздерін тіпті іздемейді деп айтуға болады», - деді Бердібек Сапарбаев.

Бұдан басқа, ол ауыл шаруашылығын мал және өсімдік шаруашылығы салаларындағы басым бағыттар бойынша дамыту міндеттерін қойды. Тұрғын үй және жол құрылысын әрі қарай дамыту, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздық пен инфляция деңгейін төмендету тапсырылды.

- Технологиялық жаңғыру, төртінші өнеркәсіптік революция, «Цифрлфқ Қазақстан» бағдарламасы – біз бұл бағыттарда ендігі белсенді жұмыс жасауымыз қажет. Ақтөбе қаласы мен барлық аудандардың әкімдері аталмыш сұрақ бойынша ай сайын есеп беретін болады. Бастысы – барлық басшылардан барынша күш салып, Елбасы, Үкімет қойған барлық міндеттерді орындау үшін барлық резервтерді іске қосуды, мемлекетттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыруды сұраймын,-деді жиынды түйіндеген облыс әкімі.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі