Ақтөбе облысының басшылығы бірінші топтағы 4 мүгедек жанға уақытша баспана бөлді

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тұрмыс жағдайының ауырлығына байланысты уақытша баспанаға ие болған І топтағы мүгедек жандар – Владимир Кулинский, Михаил Холостенко, Алтынбек Жаңбырбаев пен Жанар Есетованың отбасыларына барды. Арнайы 2007 жылы Маресьев көшесінде салынған 4«З» үйдің бірінші қабатында орналасқан пәтерлер мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Олар бұл жерде мемлекеттік тұрғын үй қорынан арнайы бөлінетін пәтер кезегі келгенше тұра алады.

32 жастағы спортшы әрі екі баланың әкесі Михаил Холостенкоға екі бөлмелі пәтер берілді. Жас кәсіпкер Алтынбек Жаңбырбаев бір бөлмелі пәтерге ие болды. Ол 2016 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша 1,6 млн. көлемінде несие алып, такси қызметін ашқан болатын. Ата-анасы жоқ 23 жасар Жанар Есетоваға Қ.Жұбановтар көшесінде орналасқан үйден уақытша баспана берілді. Қазіргі таңда ол «Нұр Отан» партиясының бөлімшесінде тәжірибеден өтіп жатыр.

-Мемлекет ерекше күтімді қажет ететін жандарға баса назар аударып, оларға жағдай жасайды. Сіздер белсенді өмір салтын жүргізулеріңіз керек. Жастардың мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетулері үшін еріктілер жұмысын дамытуымыз қажет,-деді облыс әкімі пәтерге барған кезінде.

Облыс әкімі арбаға таңылған мүгедектер мен олардың отбасыларының ұсынылған уақтыша баспанадағы жағдайымен танысып, денсаулықтарын, оңалту бағдарламасының жүргізілуін, мүгедектердің қалалық нысандарға қол жеткізуі мен әлеуметтік қорғалуы бойынша іс-шаралардың орындалуын сұрады.

Пәтерлер орналасқан үйлерде сырғыма баспалдақтар, есіктерде кең ойықтар бар, жуыну бөлмелері мен дәретханалар арнайы тұтқалармен жабдықталған. Бірінші қабатта мүгедектер үшін жаттығу залы орналасқан.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі