Ақтөбе облысының инспекторлары 100% арнайы автокөліктермен қамтылды

Бұл туралы Ақтөбе облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ақтөбе облыстық ІІД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Айдар Токеев мәлімдеді.

«2017 жылдың 12 айы ішінде жалпы сомасы 974 миллион 168 мың 362 теңгеге «ДЭУ В106» маркалы 3 автомобиль, Уаз Патриот (пикап) маркалы 1 автомобиль, Газ-2705 маркалы 14 автомобиль, «Камаз» және ЛАДА 21214 маркалы 179 машина жеткізілді. Бүгінгі күні қызметкерлердің қажетті автокөлікпен қамтамасыз етілуі 100% құрайды», - деп айтты Айдар Токеев.

Бұл көліктердің кілтін өткен жылдың тамызында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев салтанатты түрде табыс еткен болатын.

Баспасөз конференциясында Ақтөбе облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ернат Қалиақпаров хабарлағандай 2017 жылдың қорытындысы бойынша қылмыстың 19,8%-ға азайғаны байқалады.

«Бірінші кезекте аса ауыр және ауыр қылмыстар 12,0%-ға, орта дәрежелі – 21,2%-ға және онша ауыр емес қылмыстар 13,8%-ға азайды. Еңбек мигранттарына бақылау күшейтілді», - деп атап көрсетті Ернат Қалиақпаров.

Полицейлер тәртіпті бейнебақылау камераларының көмегімен де қадағалап отырады. 2017 жылы облыс орталығында 50 бейнебақылау камералары орнатылған, ондағы барлық бейнелер Ақтөбе қаласы ІІБ жедел басқару орталығына түседі және өңделеді. Қарғалы селосының негізгі бөлігі бейнебақылаумен қамтылған және Заречный полиция бөлімі мәліметтерді берудің талшықты-оптикалық арнасына қосылған.
117 миллион 286 мың 400 теңге сомасына «Газ 2705» автомашинасы базасындағы 14 жылжымалы полиция пункттері алынды, олар бейнетіркегіштермен, дабылдық-дыбыс ұлғайтқыш құралдармен жабдықталған, әкімшілік құқық бұзғандарды ұстауға арналған камера бар.

 

Ақтөбе облысының өңірлік коммуникациялар қызметі