Ақтөбе облысының мектептерінде 20 IT-класс ашылады

Мемлекет басшысының цифрландыруды дамытуға бағытталған тапсырмасын жүзеге асыру аясында экономиканың барлық салалары мен халықтың тіршілігіне цифрлық технологияны енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.

30 мамыр, сәрсенбі күні «Нұр Отан» партиясы жүзеге асырып жатқан «Балалар үшін тегін ІТ-кабинеттер» жобасы аясында Ақтөбе қаласындағы №56 орта мектепте кезекті ІТ-кабинет ашылды. Цифрлық кабинеттің жұмысымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев танысып шықты.

- Ел Президентінің Ақтөбе қаласындағы мектептерді компьютерлермен және интернетпен қамтамасыз ету тапсырмасы толықтай орындалды. Кейбір ауылдық және қала сыртындағы мектептерде интернет жылдамдығы төмен. Бірақ бұл сұрақ жаңа оқу жылы басталғанға дейін көп жерлерде шешілетін болады. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының арқасында өңірде көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Ең алдымен олар халыққа көрсетілетін қызметтер сапасын көтеруге бағытталған,-деді өңір басшысы.

Ол 2018 жылы «Бақытты бала» ауқымды жобасының жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Жоба бағыттарының бірі - облыстың білім беру мекемелерін интерактивті жабдықтармен жарақтандыруды көздеп отырған «Балалардың ІТ әлемі».

- Атап айтқанда, Ақтөбе мен барлық аудандарда робот техникасы орталықтарын ашуға қаражат бөлінген. Бастысы – балалардың жоғары интеллектуалды технологияларға деген қызығушылығын ояту. Бұл жағдайда Президент тапсырмасын сапалы орындаймыз,-деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, оқушылар ІТ-кластарда жазғы уақытта да оқи алады. Балалар білікті педагогтердің жетекшілігімен 3D-үлгілеу, архитектура, дизайн, анимация бағдарламаларын, бағдарламалау мен web-сайттарды құруды игереді. ІТ-кластың барлық білім беру бағдарламалары халықаралық стандарттарға сай. Ақтөбе облысында «Нұр Отан» партиясының жобасы аясында биыл 20 IT-класс ашылмақ. Олардың сегізі қалалық, 12-сі ауылдардық мектептерде. Алғашқы үш ІТ-класс Ақтөбедегі №9, №21 және №55 мектептерде ашылды. Жобаның мақсаты – мемлекет басшысының тапсырмасы мен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жас қазақстандықтардың ғылыми-шығармашылық және зерттеу дағдыларын арттыру.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі