Ақтөбе облысының ресми делегациясы өңіраралық байланысты кеңейту үшін Жамбыл облысына келді

Мемлекет басшысының өңіраралық кооперацияны дамыту туралы тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында 23-24 маусымда Ақтөбе облысының күндері өтуде. Шара аясында Жамбыл облысына Бердібек Сапарбаев бастаған ресми делегация келді.

Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев қонақтарды бірден 2000 жылы негізі қаланған «Әулие ата» халықаралық әуежайының қайта жаңғырудан өткен терминалымен таныстырды. 2015 жылы әуежайдың ауыр салмақты ұшақтарды қоса алғанда, барлық типтегі заманауи әуе көліктерін қабылдауға мүмкіндігі болатын жолаушылар терминалы талапқа сай жұмыс істей бастаған болатын.

Ақтөбелік делегация өкілдері Жамбыл облысының әкімімен бірге сондай-ақ, бірнеше ірі өндірістік және мәдени нысандарды аралады. Солардың ішінде «Айша бибі» кесенесіне, «Қазақ хандығына — 550 жыл» монументіне, «Інжу» білім беру кешеніне, минералды тыңайтқыштарды шығаратын «Қазфосфат» ЖШС зауытына барып, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан бес қабатты үйдің құрылысымен және «Атлетик» олимпиада резервін даярлау бойынша оқу-жаттығу кешенінің қызметімен танысты.

Делегацияның келу бағдарламасының негізгі шарасы Ақтөбе және Жамбыл облыстарының арасындағы өңіраралық кооперацияны өзара дамыту туралы меморандумға қол қою болады.

Ақтөбе облысының күндері бағдарламасы 24 маусымда да жалғасады. Бұл күні ақтөбелік делегация ақтөбелік ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің жәрмеңкесін аралап, Тараздың мәдени-тарихи орындарында, атап айтқанда, Жамбыл Жабаев атындағы «Руханият» рухани даму орталығында, «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінің археологиялық бағында, «Қарахан» кесенесінде болуды жоспарлауда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.