Ақтөбе облысының терроризмге қарсы күрес комиссиясы  2018 жылғы жұмыс жоспарын бекітті

Құжат 21 желтоқсанда, бейсенбі күні облыс әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен терроризмгеқарсы күрес комиссиясы мен діни бірлестіктермен байланыс кеңесінің кезектен тыс отырысында қабылданды.

2018 жылғы жоспардың негізгі тармақтары – террористік тұрғыдан осал нысандарды қорғауды, азаматтардың деструктивті діни ағымға еріп кетуіне жол бермеу жұмыстарын күшейту және халықтың антитеррористік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 

Отырыс кезінде сондай-ақ, комиссияның 2017 жылы атқарған қызметі қорытындыланды.

Облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбетовтың айтуынша биылғы жылдың 11 айы ішінде экстремизм мен терроризмнің алдын алуға байланысты 2,5 мыңнан аса шара өткізіліп, оған облыстың 70 мыңға жуық тұрғыны қамтылған.

Деструктивті діни ағым жетегінде жүргендермен 1300-ден астам жеке кездесулер ұйымдастырылды.

- Олармен білікті теологтар әңгімелесті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бұрын деструктивті діни ағым жетегінде жүрген 332 адам райынан қайтты, олардың қатарында қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде отырған  26 сотталушы бар»,-деді Ж.Қалмағанбетов.

Отырыстың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының әкімі, терроризмге қарсы күрес комиссиясының төрағасы Бердібек Сапарбаев бірқатар тапсырмаларды атады. Олардың ішінде өңірге сауатты теологтар мен беделді имамдарды тарту мәселесі де бар.

- Жалпы, бұрын деструктивті діни ағым жетегінде жүргендермен жұмыс жөнге қойылды, алайда оны күшейту керек.  Оларды оңалту шараларын әсіресе, Ақтөбе қаласында, Темір, Алға, Шалқар мен Байғанин аудандарында жандандыру керек,-деп атап өтті Б. Сапарбаев.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі