Ақтөбе облысының әкімдігінде импортты алмастыру мәселелері қаралды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында импортты алмастырудың өзекті сұрақтары қаралды. Оған мемлекеттік органдар басшыларынан өзге өңірдегі ірі кәсіпорындардың жетекшілері қатысты. Осы жылдың бес айы ішінде облыстың сыртқы тауар айналымы 1,6 миллиард долларды құрады, оның 1,2 миллиард доллары - экспорт, - деп жеткізді индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ерлан Назаров. Жалпы, облыстың сауда теңгерімінің сальдосы оң нәтиже көрсетіп отыр, дегенмен импорт көлемінің динамикасы 13% ұлғайғанын көрсетті.

- Бұл бізде тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар жұмыс істеп тұрған кездегі, ал ірі және шағын кәсіпорындармен олардың маңында импорттық тауарларды алмастыруға тиіс шағын өндірістерді дамыту бойынша әріптестік бағдарламаларға қол қойылғаннан кейінгі жағдай. Бүгін біз импорт көлемін азайтудың әрі қарайғы жағдайын талқылау үшін жиналдық,- деді Б.Сапарбаев.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2016 жылдан бастап Ақтөбе облысы жыл сайын өнеркәсіп өнімдері мен азық-түліктің өндірілу және тұтыну балансын жасап келеді. Бұл талдау облыс өзін өзі қазір өзге өңірлерден сатып алынатын өнімдермен 100 пайыз қамтамасыз ете алатынын, дегенмен бәрібір шетелден тасымалдау тоқталмай келе жатқанын көрсетеді.

- Ақтөбеге Батыс Қазақстанда өндірілетін тауарды әкелудің түкке қажеті жоқ. Бұл ретте кооперация жұмыс жасау керек, - деп атап өтті Ақтөбе облысының басшысы.

Сондай-ақ, өндіріс пен тұтыну теңгерімі кезінде өңірде импортты алмастыруға бағдарланған жаңа кәсіпорындарды іске қосудың өзектілігі де ескеріледі. Мысалы, жуырда қуаты жылына 120 млн дана кірпіш шығаруға жететін кірпіш зауыты іске қосылады. Жаңа кәсіпорын өңірдің осы өнімге деген жыл сайынғы тапшылығын толығымен өтейді. Жалпы, 2018 жылы индустриялық-инновациялық даму саласында жалпы сомасы 63 теңгеге және 1,1 мыңнан аса жаңа жұмыс орындарын аша отыра 15 инвестициялық жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның үш жобасы: блоктық-жиынтықтамалы жабдықтар цехы, полиэтилен пакеттерін шығаратын зауыт пен балмұздақ шығаратын цех ендігі пайдалануға беріліп те қойған. Қалған 12 жоба жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Нәтижесінде, өсімдік майы, құрама азық, кеуек бетон, керамикалық гранит, керамикалық тақтайшалар, сулы-дисперсионды бояу мен лактар, ілмекті арматуралар және тағы да басқаларды шығару жолға қойылады. Бүгінде Ақтөбе облысына металдар мен металдан жасалған бұйымдар, химия өнеркәсібінің өнімдері, минералды өнімдер, машиналар, жабдықтар, көлік құралдары мен азық-түліктер импортталып жатыр. Азық-түлік тауарлары шетелден жергілікті өндіріс қуаттылығының төмендігінен немесе жоқтығынан әкелінеді. Бірақ облыстың ресурстық потенциалы мықты. Мәселен, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша өңір шикі сүтпен 100%, қайта өңделген сүт өнімдерімен кем дегенде 20% қамтылып отыр.

- Металдар мен химиялық өнеркәсіптің өнімдерін біз әзірге алмастыра алмайтынымыз түсінікті. Алайда, жыл басындағы бес айдың ішінде 23 млн доллардан астам қаражатқа азық-түлік әкелінді. Ол негізінен құс еті, сүт пен көкөністер. Сөйте тұра, облыста басты назар суармалы жерлер алаңын үлкейтуге, ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерін дамытуға, жалпы импортқа жол бермеу үшін диверсификациялауға көп көңіл бөлінеді. Бізде табиғи қорлар жеткілікті, мемлекет қолдауы бар. Тек шаруалар мен құзырлы мемлекеттік органдар осы мәселемен шындап айналысулары қажет. Бізде барлық мүмкіндіктер бар және азық түлік қауіпсіздігін өз кәсіпорындарымыздың есебінен қамтамасыз етуге міндеттіміз, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Жиын соңында өңір басшысы импортты алмастыруды дамыту, сонымен қатар азық-түлік тауарларының, әсіресе қысқы кезеңде көкөністердің жеткілікті қорын құру мақсатында өңірлер арасындағы әріптестікті кеңейту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі