Ақтөбе облысының әкімдігі автобуста болған өрттен зардап шеккендерге қажетті шараларды қолданып жатыр

18 қаңтарда, Астана уақытымен сағат 10.30-да «Самара-Шымкент» тасжолының Ырғыз ауданының 1068 шақырымында Қалыбай ауылынан 10 шақырым жерде Ақтөбе облысы арқылы Шымкент қаласынан РФ-ның Қазан қаласына кетіп бара жатқан автобус өртенді.

Алдын ала мәліметтер бойынша, автобуста  57 адам болған. Өрттің нәтижесінде 52 адам қаза болды. Аман қалған бес адамға (үш көлік жүргізушісі мен екі жолаушы) қажетті медициналық көмек көрсетілді. Санитарлық авиация бригадасы зардап шеккендермен бірге оқиға болған жерден Ақтөбеге ұшып кетті.

Аман қалғандардың айтуына қарағанда көлікте үш Қазақстан азаматы (жүргізушілер) мен 54 жолаушы – Өзбекстан Республикасының азаматтары болған.

Сағат 10:50-де облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергеновтің басшылығымен жедел штаб құрылып, облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының жедел отырысы өткізілді. Қызмет бағыттары бойынша тапсырмалар беріліп, соған сәйкес Төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығына облыстық қызметтерді тарта отыра жедел штаб құрылды, психолгиялық көмек беретін ыстық желі мен анықтама орталығының жұмысы қамтамасыз етілді.

Облыс әкімдігі Ырғыз ауданының әкімдігімен бірлесе зардап шеккендерге медициналық, психологиялық және өзге де қажетті көмектерді көрсетіп жатыр.

Ақтөбе қаласындағы мәйітхана қайтыс болғандардың мүрделерін қабылдауға дайындалып, сонымен қатар мүрделерді Ақтөбе қаласына жеткізетін көлік даярланды.

Өрттің себебін анықтау үшін төтенше жағдай орнына ІІД-нің жедел-тергеу тобы,  сынақтық өрт зертханасы, жылжымалы жылыту бекеті жіберілді.

Төтенше жағдай аймағында көлік қозғалысын реттей отыра қоғамдық тәртіпті күзетке алу және қоршауға алу жүзеге асырылуда.

Оқиға болған жерге облыс әкімінің орынбасары С.Төленбергенов, ТЖД бастығының орынбасары Е.Өтегенов, облыс прокурорының оырнбасары Д.Сыздықов, процессуалды прокурор О.Орынбасарұлы, облыстық ІІД басшысының орынбасары Е.Қалиақпаров кетті.

Аталмыш сұрақ облыс әкімдігінің үнемі бақылауында болады.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі