Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Әйтеке би ауданында болды

Все рабочие поездки акима
Сәрсенбі, 28 қазан, 2015

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың аудандарға жұмыс сапары жалғасуда. Кеше облыс басшысы Әйтеке би ауданында болды. 15 селолық округі бар аудан халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Облыстың ең астықты ауданы да  - осы Әйтеке би өңірі. Елдің тұрмыс-тіршілігімен жіті танысқан облыс әкімінің сапары қас қарайғанша жалғасып, аудан активінде қорытыланды. Жергілікті халықтың сауалдарына жауап берілді, облыстың даму жоспары баяндалды. Тақырыпты тілшіміз толықтырады. 

Батыс Европа-Батыс Қытай жолының бойындағы Белқопа ауылы кезінде қой шаруашылығы дамыған белді кең шардың бөлімшесі болатын. Бірақ, бүгінгі күйі – қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заманды елестетеді. Ауылдың су жаңа мешіті мен медресесі бар, шағын жинақты орта мектебі мен медициналық бөлімшесі соңғы үлгіде салынған. Облыс әкімі алдымен медициналық бөлімшені көріп, дәрігерлермен тілдесті. 2008 жылы бой көтерген бөлімшеде күніне 20 адам ем қабылдайды. Облыс әкімі мұндағы мектепте де болып, тұрғындармен де кездесті.

Ал, Қарабұтақтың іргесінде, Шымкент-Самара және Ақтөбе-Қостанай жолдарының қиылысыатын тұсында жергілікті кәсіпкер Сағындық Кішкенебаев кемпиг салып жатыр. Халықаралық тасымалдағы ауыр жүк көліктерінің жүргізушілеріне арналған қонақ үйі, шайханасы мен көлік жуатын орнына дейін қарастырылған кешен құрылысы тоқтап тұр. Өйткені, құрылысқа қажетті 140 миллион теңгенің тең жартысын Даму қоры арқылы рәсімдемек болған кәсіпкердің әзірге арманы орындалмай тұр. Құжаттары түгел болса да, қордың жауабы кешеуілдеп жатыр. Ал, газ құю бекетіне көгілдір отын тым шектеулі беріледі. Бір айға бөлінетін 25 тонна газ бір аптада таусылып қалады. 

Күре жолдағы ірі көлік апаттарынан зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету орталықтарының бірі осы Қарабұтақтың тұсына қоныс тепкен еді. 50 шақырымдық радиустағы алғашқы білікті дәрігерлік көмек көрсету – апат медицинасы орталығының міндетінде. Дәрігерлік құтқару тобының қызметімен танысып, баспаналарына барған облыс әкімі бұндай қызметтің қажеттілігіне тоқталды.

Кіші жүздің биі Әйтекенің, заңғар ақын-жазушылар Қуандық Шаңғытбаев пен Тахауи Ахтанов және қазақтың рухани әлеміне зор үлес қосқан тағы біршама саңлақтың тарихи отаны – Қарабұтақ соңғы жылдары жан жақты даму үстінде. Ауылға тартылған газ құбыры елдің тамырына қан жүгіртіп, еңсесін көтерді. Аудан орталығы мәртебесінен айырылғанымен, бұрынғы кеңестік биліктің қаңырап қалған ғимараттары ел игілігіне жарап тұр.

Ал, соңғы жылдары ғана пайдалануға берілген дәрігерлік амбулатория заманауи құралдармен толық жабдықталған. Қарабұтақтың орталығында Бердібек Мәшбекұлы, Тарас Шевченко атындағы орта мектепте де болды. Әрине, аралас мектепте орыс сыныптары әлі сақталған. Кезінде одақтық деңгейде жоғары сапалы білім берген мектептің жағдайы алаңдатарлық. Ғимарат ескі. Білім сапасы көңіл бөлуді қажет етеді. Оқушылар саны да аз. Бұл деректерді көкейіне түйген облыс әкімі ауыл ішіндегі ветеринарлық зертхана, «Балбұлақ» балабақшасы, ауылдық кітапхана мен мәдениет үйін де аралап көрді. Ал, аудан орталығына таяу орналасқан Аралтөбе ауылының ахуалы тәуір. Ауыл ішіне дейін асфальт жол төселген, мектебі жаңа, түтіні түзу. Бұнда да облыс әкімі әлеуметтік мекемелерге барып, ұстаздар, оқушылар мен дәрігерлердің де жағдайларын сұрады. Ал, ауыл ақсақалдары көгілдір отын мен ауызсуынан басқа мәселе жоқ екендігін алға тартты.  

Жыр жампозы Жамбылдың атын иеленген ауыл Ресей шекарасына жақын орналасқан. Ауылға дейінгі жолдың тозығы шыққан. Бор әрең жұғатын тақтаны ауыстыру да көп қаржыны қажет қылмағанымен, мектеп басшылығы сен тимесең, мен тименің күйін кешіп отырғандай кейіп танытты. Ал, Талдысай орта мектебінде де оқушылардың ұлттық бірыңғай тестілудегі көрсеткіштері нашар. Облыс әкімі мұнда да тұрғындармен кездесіп, әлеуметтік мәселелеріне қатысты сауалдарына жауап берді. 

Аудан орталығына кіреберісте облыс басшысы Бердібек Сапарбаев Комсомолға тартылған газ құбырына байланысты мердігер компания басшылығының есебін тыңдады. Бүгінгі күнге 80 шақырымға жуық тұрба дәнекерленіп, жерге көмілді. Негізгі жоспар бойынша келесі жылдың қыркүйек айының соңына таяу көгілдір отынның игілігін комсомолдықтар да көру тиіс. Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары Темірбек Рахметов облыс басшысына ауданның қысқа даяндығы, жылыту қазандықтарын жөндеу, жалпы инженерлік инфрақұрылымдар бойынша есеп берді.

Облыс басшысы қиыршық тас шығаратын «Текшее тас зауыты» серіктестігінің өндірісіне де барды. Негізінен сапалы таспен Атырау облысындағы «Тенгизшевройл» өндірісін қамтып отырған компания жұмысы бір жылдық тоқыраудан соң қайта жанданған. Бұл саланың да бірқатар қиындықтарын айтылып, шешу жолдары пысықталды.

Ауыл-ауылда айтылған әңгімелер, мәселелер шоғыры облыс әкімінің аудан жұртшылығымен кездесуінде кеңірек талқыланды. Мәдениет үйін толтырған аудан-ауыл өкілдері алдымен Бердібек Мәшбекұлының тереңнен қозғалған баяндамасына құлақ түріп, Елбасының әлеуметтік-экономикалық саланы өркендетуге байланысты тапсырмаларын тыңдады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, жыл соңына дейінгі ауыр жүкті жұмыла көтеріп, облыс дамуындағы тежелген салаларды жандандыру қажет. Ал, Әйтеке би ауданы үшін агроөнеркәсіпті дамытып, астықтың сапасын жақсарту негізгі міндеттердің бірі.

Бұдан соң өткен тоғыз айдың қорытындысы бойынша Әйтеке би ауданының әкімі Аманғали Бердалиннің есебі тыңдалып, көп жайдың беті ашылды. Ауданда құнарлы 100 мың гектар жер бос жатыр. Оны игеруге жергілікті халықтың шамасы жетпейді немесе құлшынысы аз. Ал, аграрлы өңір үшін бұл – салмақты мәселе. Салық түсімі артқанымен, жекелеген ауылдарға апаратын жолдардың күйі нашар. Жұмыссыздық жоқтың қасы, бірақ жұмысқа енжар жастар көп. Қылмыс аз, есесіне – халықтың жеке мүлкіне салғырттығы басым. Өндіріс көлемі ұлғайды, өркендеуге де шама бар, ал уақытша қысыл таяңды дағдарысқа сілтеу қисынсыз.

Жиын барысында облыс әкімі, мәселелердің шешімі аудан және облыс әкімшілігінің бақылауында болатын айтып өтті.  Жалпылай алғанда, аудан әкімінің жұмысына оң бағасын берді.

Аудандық актив жиналысынан соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Комсмол селосындағы бірқатар әлеуметтік және кәсіпкерлік құырылымдарды аралап көрді. Тіс емханасы мен аудан отралығында «Назерке» супермаркеті ашылғалы жергілікті халық арзан өнім үшін қалаға сабылуды қойған. Тауар өндірушілермен тікелей байланысы бар кәсіпкердің дүкенінде әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 10 пайыздық жеңілдік беретін сөре де бар.