Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев жұмыс сапарымен Әйтеке би ауданында, ауылдық округтерде болды

Все рабочие поездки акима
Сейсенбі, 12 Сәуiр, 2016

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Әйтеке би ауданында да болды. Өңір басшысы Аралтоғай, Құмқұдық ауылдық округіндегі  білім және мәдениет ошақтарының жұмысымен танысты. Ауыл тұрғындарымен, аудан кәсіпкерлерімен кездесті. Сонымен қатар, аудан активінің жиналысына қатысты. 

Өңір басшысының Әйтеке би ауданына  жұмыс сапары Аралтоғай ауылдық округінен басталды. Екі мыңға жуық тұрғыны бар ауылдың тірлігіне облыс әкімінің көңілі толды. Әлеуметтік саланың жұмысы қалыпты. Шаруашылыққа маңыз берілген. Ал шалғайдағы шағын ауыл Ақтастыға қолдау керек. ауыл мектебін жөндеу үшін бюджеттен қаражат қаралып отыр. Клуб та, екі қабатты әкімдік ғимараты да жөндеуді қажет етеді. Ақтастының жұрты жақын маңда малыға жайылым жоқ. Шұрайлы жер шаруашылықтардың еншісінде кетті деп шағым айтты. Бердібек Cапарбаев мәселені зерттеп, зерделеп, шешімін табуды жергілікті билікке тапсырды. 

Ал Құмқұдықтың жағдайы көш ілгері. Ауылға қарасты "Құмқұдық" серіктестігі Әйтекеби аудандық көпсалалы колледждің оқушылары үшін дуальді оқыту жүйесін ұйымдастыруға көмектесіп отыр. Шаруашылық осы көктемде 20 мың гектарға егін егеміз деп жоспарлап, темір тұлпарларын майлап-сайлап отыр. Тұқым да дайын. Тұрғындар іргедегі мыс өндірісімен айналысатын "Қазгрупп" және "Вертикс холдинг" компанияларының жұмысының ілгерілегенін қалап отыр. Егер, қос компанияның тасы өрге домаласа, жұмыспен қамту және ауылдарды газдандыру мәселелері де шешілуі тиіс.

Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі аудан орталығындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Биыл Комсомол ауылын толық газдандыру жұмыстары аяқталмақ. Ол үшін мердігерлер іске кірісуге дайынбыз деді. Сонымен қатар орталықтандырылған су жүйесін жаңғырту да қолға алынбақ. Бұл мәселелер аудан активінің жиынында да кеңінен айтылды. Аудан әкімі Аманғали Бердалиннің үш айдың жұмысын тоғытқан есебі тыңдалды. 

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауданда мемлекеттік бағдарламаларды тұрғындарға түсіндіріп,  орындауды тапсырды.