Ақтөбе облысының әкімі білім саласын күшейтуді тапсырды

You are here

Облыстық әкімдікте өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиналыста Ақтөбе облысы білім басқармасының 2016 жылы атқарған қызметі мен 2017 жылға алған тапсырмалары талқыланды.

Басқарма басшысы Сәуле Өмірбекова білім саласының бюджеті 2016 жылы 66,8 млрд теңгені құрағанын айтты. 3,4 млрд теңгеге 102 нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 13 білім нысандарының құрылысына тағы 4,7 млрд теңге бөлінді. Мектепке дейінгі білім беруді дамытуға қатысты мәселелер шешімін табуда. Облыста 559 балабақша мен шағын орталықтар жұмыс жасаса, соңғы жылдың өзінде 4655 орындық 41 мектепке дейінгі мекеме ашылды. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде балабақшаларда орынмен қамтамасыз ету 92% құрады. Ағымдағы жылы 5020 орынға арналған 29 балабақша ашу жоспарланса, оның 2900 орынға арналған 17-сі Ақтөбеде жұмыс жасайтын болады.

Облыс әкімі басқарманың аудандардағы МЖС аясында ашқан мектепке дейінгі мекемелеріне көңілі толмайтынын жеткізді.

* Неге 2016 жылы 41, ал ағымдағы жылы 29 балабақша ашылады? Аталмыш мәселені шешуде аудан әкімдерімен және кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс жасауды күшейту керек. Облыстың көптеген аудандарында мемлекеттік-жеке серіктестік аясында бірде бір мектепке дейінгі мекеме ашылмаған,-деді ведомство басшылығына Бердібек Сапарбаев.

Жаңа мектептер құрылысына, оқу орындарының материалдық-техникалық базасына байланысты сауалдар өзекті болып қала береді. Қазіргі таңда 129 мың оқушы 415 орта мектепте білім алуда. 2016 жылы 2420 орындық 6 жаңа мектеп пайдалануға берілмек.

Оқушы санының көбеюіне байланысты мектептер үш ауысымда оқып жүр. Бұл жүктелімді Ұлттық қордың қаржысы есебінен Алға (1), Қобда (1), Мәртөк (2), Хромтау (1) аудандарында және Ақтөбе (6) қаласында 1840 орындық 4 мектеп пен 5760 орындық 11 мектеп салу арқылы шешу жоспарлануда. Ырғыз ауданының Ырғыз ауылы мен Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылына 100 орындық, интернаты бар мектеп салу қажет.

Алдағы екі жылда проблемалық мектептерді жою бойынша кезеңдік жұмыс жалғасатын болады, осы жылдың өзінде саманнан, ағаштан және қамыстан салынған оқу орындарының орнына 5 жаңа мектеп ( Ойыл – 2, Ырғыз – 1, Шалқар – 1, Ақтөбе – 1) тұрғызу көзделуде.

2017-2020 жылдары оқушылардың білім сапасын жақсарту үшін 11 бастауыш мектепті жауып, 13-ін қайта ұйымдастыру жоспарлануда. Мектептерді оңтайландыру мектеп жанынан интернат ашуды талап етеді. Облыста мектеп жанындағы 29 интернат жұмыс жасаса да әлі де қосымша 11 интернат салу қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама жасалып, Әйтеке би ауданындағы Қарабұтақ ауылында, Мұғалжар ауданының Ақкемер ауылында және Алға ауданының Алға қаласында барлығы 3 интернат салынбақ.

Облыс аудандарында облыстық және республикалық бюджет есебінен білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жоспар аясында мектептердегі жиһаздарды, компьютерлік техникаларды жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Жиында техникалық және кәсіби білімді дамыту мәселесі қозғалды. Облыс әкімі колледждерде ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес саласын дамытатын сала мамандарын даярлау тәртібін енгізу керек деп санайды. Сонымен қатар, мектептердегі кәсіби-бағдарлы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Бұған қоса, кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы өз өзіне қол жұмсау мен жүктілік оқиғаларының алдын алу бойынша жұмыстарды күшейтуді талап етті.

-Барлық спорттық залдар мен мәдени нысандарды пайдалана отыра кәмелетке толмағандардың бос уақытын ұйымдастырумен толық айналысу керек. Балалардың өзге істерге алаңдамаулары үшін осы бағыттағы жұмыстарды үнемі жүргізіп тұру қажет. Кәсіби-техникалық білім беруді дамытумен, білім сапасын дамытумен, түлектерді жұмысқа орналастырумен, «Тulek.kz» жобасы бойынша жұмысты жүзеге асырумен байланысты мәселелерді уақытында шешкен жөн. Бізде МЖС дамыту мүмкіндігі мол, кәсіпкерлер әлеуметтік мәселелерді шешуге көмек көрсетуге дайын, алайда, аталмыш механизм кешеуілдеп дамып келеді,-деді өңір басшысы.

Облыс әкімі жиынды қорытындылай келе «Мейірім» акциясына баса назар аударуды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Жаңалықтар таспасы