Ақтөбе облысының әкімі өңірде болып жатқан жағдайға байланысты қысқа мерзімді еңбек демалысын үзді

Бүгін Бердібек Сапарбаев Махамбет, Кірпішті ауылдары мен бау-бақша ұжымдарының ағымдағы жағдайымен танысып, Елек, сазды өзендерінің сағасын қарап шығады.

Сонымен қатар, өңір басшысы №40 және Қарғалы орта мектептеріне уақытша орналастырылғандардың жағдайын білмек. Тасқыннан зардап шеккен халықтың негізгі бөлігі осында. Күннің екінші жартысында облыс әкімі қарғалы, Сазды, Ақтөбе су қоймаларын тексереді.

Еске сала кетейік, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың жарлығымен жергілікті деңгейдің табиғи сипаттағы төтенше жағдайы жарияланған болатын.

Өңірде саяжайлардағы 597 үй мен ауланы су басып, 1510 адам қауіпсіз жерлерге көшірілді, 69-ы құтқарылды. Адамдарды су басқан орындардан кереует, көрпе-төсек, ыстық тағамдары бар уақытша көшіру орындарына орналастыруда. Орта мектептер жанынан 7 бекет ашылды. Оның төртеуіне 832 адам орналастырылса, 325-і балалар.

Ақтөбе қаласының әкімі тасқын судың беті қайтқан соң келітірілген шығынды анықтап, тасқын салдарын болдырмау шараларын дайындау бойынша жұмыстарды жүргізетін бау-бақша алаптарындағы су басқан алаптарды тексеру комиссиясын құрды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі