Ақтөбе облысының әлеуметтік нысандары толықтай көмірмен қамтамасыз етілді

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында жылыту маусымына дайындық жұмыстарының өзекті сұрақтары қаралды.

Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Дастан Аманов баяндағандай, дайындық жұмыстары аясында биыл облыс бойынша 586 қазандық, 238,9 шақырымдық жылу желілері, 482,3 шақырымдық сумен жабдықтау және су тарту желілері, 272,9 шақырымдық электрмен жабдықтау желілері, 1 590 әлеуметтік нысан мен 2,5 мыңнан аса көппәтерлі тұрғын үйлер жөнделген.

- Отын қорына келер болсақ, барлық әлеуметтік нысандардың автономды қазандықтары көмірмен толықтай қамтамасыз етілді. Облыс халқының көмірге деген қажеттілігі 40 880 тоннаны құрайды. Бүгінде осы көлемнің үштен бірі іс жүзінде жеткізілді, -деп мәлімдеді Дастан Аманов.

Сондай-ақ, коммуналды кәсіпорындардың басшылары мен аудан әкімдері де бейнебайланыс арқылы қысқа дайын екендерін жеткізді. Бердібек Сапарбаев көмір жеткізуді барынша жылдамдатып, қатты отынның кем дегенде айлық қорын қамтамасыз етуді тапсырды.

- 15 қазанға қарай барлық нысандар мен қызмет көрсету орындары жылу беруге толықтай дайын болулары керек. Сондай-ақ, осында отырған монополис компаниялардың өкілдеріне айтарым: Елбасының тапсырмасы бар – өздерінің инвестициялық міндеттерін тарифке қосатындардан сұраныс қатты болады. Өз міндеттеріңізге алдыңыздар ма – тұтынушыларға ысырмай, өздеріңіз орындаңыздар, - деп атап өтті облыс әкімі. Жалпы, Ақтөбе облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары штаттық тәртіпте өтуде.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі